ҚазҰУ мен ҚР Конституциялық соты меморандумға қол қойды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасының Конституциялық құқығы» академиялық курсының лекция-диалогы және тұсаукесері өтті. Шара барысында ҚазҰУ мен Қазақстан Республикасының Конституциялық соты арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Іс-шараға Қазақстанның және шет мемлекеттердің жетекші ғалымдары мен сарапшылары, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері, ЖОО оқытушылары, докторанттар, магистранттар, студенттер, БАҚ өкілдері қатысты.
Лекция-диалог ҚР Конституциялық сотының қызметіне, оның мемлекетіміздің құқықтық жүйесін құрудағы, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы орны мен маңызына арналды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев кіріспе сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған органның әділетті Қазақстан құру жолындағы және заң үстемдігі қағидатын жүзеге асырудағы ерекше рөлін атап өтті.
«Бүгін тағы бір ерекше оқиға – мемлекеттік тілде жарық көрген «Қазақстан Республикасының Конституциялық құқығы» академиялық екі томдық курсының тұсауы кесілді.
Бұл арнайы курсты мемлекетіміздің Конституциялық Кеңесін басқарған тұлға, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Директорлар кеңесінің төрағасы, заң ғылымының докторы, профессор Қайрат Мәмидің жетекшілігімен конституциялық құқық саласындағы білікті ғалымдардан құралған авторлар тобы дайындады. Бұл жас мамандарға өте қажетті тәжірибелік маңызы жоғары іргелі монографиялық еңбек», – деді университет басшысы.
Монографияда мемлекеттік билік пен басқарудың жоғары органдарының, сот билігінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Конституциялық сотының, жергілікті мемлекеттік органдардың және құқық қорғау жүйесінің қызметіне теориялық талдау жасалып, ғылыми түсінік берілген.
Шара барысында ҚР Конституциялық сотының төрағасы Эльвира Әзімова қатысушыларды құттықтап сөз сөйледі. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов ҚР Конституциялық сотының қызметімен таныстырды. Конституциялық соттың судьясы Роман Подопригора «Конституциялық соттар қызметінің шетелдік тәжірибесі» туралы баяндамасын ұсынды. Шараға қатысушылар алдында ҚР Конституциялық Кеңесінің бұрынғы төрағасы Қайрат Мәми «Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы» тақырыбына арналған академиялық дәріс оқыды.
Іс-шарада Француз Республикасының бас консулы Фабрис Неве, заң ғылымының докторы, Лотарингия университетінің профессоры Пьер Тифин, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Д.А.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалаири, Сорбонна – Қазақстан Абай атындағы ҰПУ институтының директоры Кристина Бутие (Франция тарапынан) сөз сөйледі.
Іс-шара соңында ҚазҰУ мен Қазақстан Республикасының Конституциялық соты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі