Әдебиет құнарын шәкірттерге сіңіре білген ұстаз
Филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы – қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынында жемісті еңбек етіп келе жатқан көрнекті ғалым. Қазақ әдебиетінің тарихы мен қазіргі әдеби үдеріске, ондағы көркемдік дәстүр мен ұлттық ерекшеліктерге ғылыми таным көкжиегінен қарап, әдебиеттану ғылымына сүбелі зерттеу еңбектерін әкелген Қ.Әбдезұлын қазақ қауымы әдебиетші-ғалым, сыншы ретінде ғана емес, ұлттық тәрбиені ұрпақ санасына сіңіруге қызмет етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым ретінде де таниды. Қансейіт Әбдезұлының Қазақстан Жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі дәрежесіне жетуі, Ресей Ғылым академиясының әдебиеттану ғылымы саласындағы М.Шолохов атындағы Алтын медалі мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атануы талмай ізденген қажырлы еңбегінің жемісі.
Қансейіт Әбдезұлы ҚазМУ-дың филология факультетін (1975), аспирантурасын, докторантурасын бітіріп, еңбек жолында еліміздің іргелі жоғары оқу орындары – ҚазҰУ, ҚазМҚПИ мен ҚазҰПУ-да оқытушылық қызмет етті. Осы аталған оқу орындарында құрметті профессор қызметімен шектеліп қалмай, ҚазМҚПИ-да кафедра меңгерушiсi, факультет деканы, ҚазҰПУ-да оқу-әдiстемелiк жұмыстар жөнiндегi проректор, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары білім беру басқармасында бөлім бастығы, ҚазҰУ-дың филология факультетiнiң деканы қызметтерiн атқарды. Бүгінгі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Абай зерттеу институтында жетекші ғылыми қызметкер ретінде қызмет етіп жүрген Қ.Әбдезұлы Абай философиясының терең қатпарларына зейін қойып, Абай ойлары мен әдеби дәстүрлерінің сілемі әдебиетіміздің ұлы арнасы екенін соны зерттеулерінде дәлелдейді.
Әдебиеттің адамзат пен қоғам өмірінде алатын орнын терең ұғынған ғалым ағамыз өзінің зерттеушілік ізденісін көркем шығарма табиғатын, оның көркемдік болмысы мен тәрбиелік мәнін ұғындыруға бағыттайды. Халық әдебиетінің ұлттық құндылықтарынан бастау алатын көркемдік дәстүрдің жалғастығын бүгінгі әдеби шығармалардан тауып, олардың жаңаша қолданысын сараптайды. Қ.Әбдезұлының «Ел мен жер тағдыры» (2000), «Кейіпкер және тартыс» (1995), «Т.Әлімқұлов және қазақ прозасы» (2000), «Т.Әлімқұлов және 60-80 жж. қазақ әдебиеті» (2001), «Әдебиет және өнер» (2002), «Жазушы және заман шындығы» (2003), «Тарих және тағдыр» (2004), «Таным көкжиегі» (2007), «Семсер» (2012) т.б. зерттеулері жарық көрді. Бұл еңбектерінен ғалымның қазақ әдебиетінің қадау-қадау мәселелерін зерттеу аспектісіне айналдырып, әдебиеттануымызға мол үлес қосқанын көреміз.
Көркем шығарма өмір шындығынан туады десек те, сол шындықты көркем шындыққа айналдыру күрделі құбылыс. Ол тақырып пен кейіпкерді таңдау, сюжет арқылы идеяны беру, оқиға мен тартыс, образ бен характер жасау мәселесі сияқты әдеби шығарманың көркемдік әлемін құрайды. Мұның бәрін қиюластырып, композициясы жинақы көркем дүние ету жазушы қиялы, пайымы арқылы іске асады. Жазушы шеберлігін айқындайтын осындай көркемдік амал-тәсілдерді, бейнелеудің құралдарын жете зерттеп, аналитикалық талдау жасап, объективті түрде бағалай білетін қырағы зерттеуші Қ.Әбдезұлы ғылыми зерттеулерінде зерттеушілік қарымының даралығын танытады. Қаламгерлік шеберлік, суреткерлік тіл, тарихи деректер жүйесі, кейіпкерлер болмысы, психологиялық талдау, көркемдік детальдың қызметі сияқты мәселелерді ғылыми ізденістерінің нысаны етіп алуы ғалымның эстетикалық танымының тереңдігін, сыншылдық талғамының жоғарылығын танытады.
Қансейіт Әбдезұлының ғылыми таным көкжиегінің кеңдігін «Таным көкжиегі» атты публицистикалық және сын мақалаларының таңдамалысынан да байқауға болады. Жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығында баспасөз беттерінде жарияланған сыни мақалалары енген бұл еңбекте ғасырлар бойында жасап келе жатқан киелі әдебиетіміз бен қасиетті өнеріміздің мәңгілік құнын жоғалтпайтын көркемдік әлемін ой елегінен өткізіп, әлемдік руханияттың қазынасына олжа салған ұлтымыздың саңлақ өнерпаздары мен олардың қаламынан туындаған көркем шығармаларды бүгінгі тәуелсіздік биігінен бағалайды. Тарихи шындық пен көркемдік шешім, тұлғалар тағылымы, дара стиль мен суреткерлік шеберлік мәселелерімен қатар, әдебиетіміздің бүгінгі тыныс-тіршілігі, тақырыптық-идеялық ізденістері әңгіме арқауына айналады. Қаламгер шеберлігі мен шығарма табиғатын тұтастықта ала отырып, аналитикалық талдауды кешенділікке ұластыра зерттеу әдісі Қ.Әбдезұлының ізденісіне тән ерекшелік.
«Таным көкжиегінде» қазіргі қазақ әдебиетінің сыны мен әдебиеттану ғылымының тарихына, оның жүріп өткен жолына көз тастап құрметтей қарайды. ХХ ғасырдың басында Алаш азаматтары – А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Х.Досмұхамедов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Қ.Кемеңгеров, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаевтар негізін қалаған әдеби сынымызды кейінгі толқын әдебиет зерттеушілері жалғастырып, әдебиетіміздің тарихын, теориясын, көркемдік ізденістерін бір жүйеге түсіруге талпыныс жасап, ұлтымызға теңдессіз мол мұра қалдырғанын айтады. Өткен ғасырдың 50-60 жылдарында ұлттық әдебиеттану ғылымының ұлы көшіне тегеурінмен келіп қосылған дарынды әдебиет зерттеушілері – С.Қирабаев, З.Қабдолов, Т.Қожакеев, Т.Кәкішев, Ш.Елеукеновтердің тәуелсіздігіміз орнағаннан кейін де Алаш арыстарының мол мұрасы мен әдебиет тарихындағы ақтаңдақтарды зерттеуге бел шешіп кіріскендіктерін, солай жаңа кезеңдегі жаңа зерттеулердің іргесін қалап, әдебиеттану ғылымының өркендеуіне жол ашқанын аңғартады. Сондай-ақ алдыңғы буын ағалар салған сара жолды жалғастырушы кейінгі толқын әдебиет-зерттеушілері де қазақ әдеби-көркем сынын жаңа көркемдік сапаға көтергенін тілге тиек етеді. Әдебиетші-ғалымдар – Ж.Дәдебаев, Қ.Ергөбеков, С.Жұмабеков, С.Досанов, Б.Майтанов, З.Бисенғали, Ө.Әбдіманұлы т.б. зерттеулері әдебиеттің бүгінгі келелі мәселелерін көтеріп, сын жанрының бүгінгі тыныс-тіршілігін, бағыт-бағдарын пайымдауға мүмкіндік тудырып отырған дүниелер екеніне тоқталады. Қазақ әдеби сынының даму жолының елеулі кезеңдерін назарға алып, білгірлікпен баға береді. Әдебиеттану ғылымына өзі де үлес қосып, оның жауынгер саласы – әдеби-сын жанрының өркендеуіне қамқорлық танытып келе жатқан Қ.Әбдезұлы сыншы әріптестерінің еңбектерін дәріптеуден жалықпайды.
Ұстазы, академик З.Қабдоловтың «Әдебиет – ардың ісі» деп айтқан өнегесін санаға сіңірген Қ.Әбдезұлы әр жыл, әр күнін әдебиетке қызмет етуге арнап келеді. Ұлттық әдебиетіміздің басты көркемдік идеясы – ұлттық рух, ұлттық намыс болғанын жас ұрпаққа қадай айтып, қазақ жастарының ұлттық санасының биік, жан дүниесінің таза, елжанды, ұлтжанды болуына атсалысып келе жатқаны да аян. Ғылыми ізденістерін педагогикалық қызметпен ұштастырып, жоғары білікті маман-азаматтарды тәрбиелеуге де зор үлес қосып келеді. Қ.Әбдезұлы қазақ әдебиетінің тарихын студенттерге тереңдей оқытып, әдебиет тарихына арналған бірнеше оқулық пен оқу құралдарын жазды. «Тәуелсіздік кезеңі және қазақ әдебиеті» атты оқу құралы сөзімізге дәлел.
Ұстаз-ғалым Қансейіт Әбдезұлы өз бойындағы әдебиет құнарын шәкірт санасына сіңіріп, оларды да көркем шығарма табиғатын танып, зерттей оқуға баулуда. Ғалым-ұстаздың бұл еңбегі де нәтижесіз емес. Көптеген ізденушілер Қ.Әбдезұлының жетекшілігімен диссертациялық жұмыстар қорғап, ғылыми дәрежеге жетті. Қ.Әбдезұлының осындай ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, 2008 жылы «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағын иеленді. Бүгінгі күні мерейлі 70 жасқа толып отырған Қансейіт Әбдезұлына ғылым мен өмір жолында жаңа жетістіктер тілейміз.
Сәлима ҚАЛҚАБАЕВА,
филология ғылымының кандидаты, доцент