ҚазҰУ ғылыми жобалары Мәскеуде таныстырылды

1 маусым, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы, техника ғылымдарының докторы, PhD Данияр Исмаилов Мәскеудегі Сколковода өткен Startup Village 2023 конференциясына қатысты.


Ғылыми шара аясында ұйымдастырылған көрмеге 100 стартап жоба ұсынылды. Конференция барысында бизнес құрылымдардың өкілдері, ғалымдар мен студенттердің түрлі салалардағы коммерцияландыру жобалары бойынша  талқылаулар өтті. Мамандар пікір алмасып, тәжірибе бөлісіп, бірқатар жобалар бойынша бірлесіп жұмыс атқару жолдарын талқылады. 


Көрмеде ҚазҰУ ғалымдарының «Кең ауқымды қолдану үшін көміртекті наноқұрылымды материалдар өндірісін ұйымдастыру», «Жаңа технологиялар негізінде жарқыл қарқындылығы жоғары энергия үнемдейтін газ разрядты шамдардың шағын сериялы өндірісін ұйымдастыру» және «Физика курсы бойынша электромагниттік құбылыстарды зерттеу үшін орта оқу орындарына арналған аппараттық-бағдарламалық кешендердің шағын өндірісін құру» атты ғылыми жобалары ұсынылды.

Сессия барысында таныстырылған ҚазҰУ ғалымдарының әзірлемелеріне халықаралық сарапшылар өз пікірін айтып, бизнес құрылымдарын тарту жұмыстары бойынша нақты қадамдар ұсынды.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі