ҚазҰУ Қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2023/24 оқу жылына талапкерлердің құжаттарын қабылдау басталды.
Қабылдау комиссиясы жұмысының салтанатты ашылу рәсіміне Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева қатысып, оқуға түсушілерге сәттілік тіледі.
«Биыл елімізде 172 мың түлек мектеп бітірді. Оның 6800-і – «Алтын белгі» үміткерлері. Сонымен қатар биыл және өткен жылдары колледж бен мектеп бітіргендер және шетелдік мектептерде білім алғандар да оқуға тапсыратын болады. Бір қуантарлығы, соңғы жылдары ҚазҰУ-да білім алғысы келетін шетелдік азаматтардың қатары көбейіп келеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті барлық талапкерлерді қабылдауға дайын. Қабылдау комиссиясы бүгіннен бастап ресми түрде өз жұмысын бастайды. «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында комиссия жұмысына барлық жағдай жасалған. Құжат тапсыруға келген талапкерлер үшін, ата-аналар үшін де барлығы жан-жақты қарастырылған. Мектеп түлектерінің көпшілігі біздің университетімізді таңдайды деп сенім білдіремін», – деді проректор.
Қабылдау комиссиясы таңертеңгі сағат 09:00-ден бастап, кешкі 18:30-ға дейін жұмыс істейді. Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы, шығыстану факультетінің деканы Наталья Емның айтуынша, қабылдау комиссиясы сенбі күні де жұмыс істейтінін айтты.
«Комиссия құрамына факультеттердің арнайы мамандары, тәжірибелі оқытушылар және декан орынбасарлары енгізілген. Олар кәсіби бағыт-бағдар, кеңес беру және бакалавриат, магистратура, докторантура, постдокторантура бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Комиссия мүшелері талапкерлерге онлайн және офлайн форматта сапалы әрі жедел қызмет көрсетеді. Сондай-ақ электронды кезек жүйесі іске қосылған», – деді Наталья Ем.
ҚазҰУ осы жылы келесі санаттағы азаматтар үшін бұрын-соңды болмаған 10 пайыз жеңілдікті ұсынып отыр. Атап айтқанда: ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы ҚР азаматтарына, толық емес және көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға. Сонымен қатар биыл әскери борышын өтеген азаматтар Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей-ақ, жоғары оқу орындарына ақылы негізде қабылданады.
Талапкерлер университеттегі мамандықтар туралы толық ақпаратты welcome.kaznu.kz сайтынан таба алады. Сондай-ақ ең қажетті әрі маңызды ақпараттар университеттің ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында күнделікті жарияланып отырады.
Қабылдау комиссиясы ҚазҰУ қалашығында орналасқан «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында құжаттарды қабылдайды. Мекенжайы: Әл-Фараби даңғылы, 71/21.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі