Дүниежүзілік Конфуций институтының бір бөлшегі – ҚазҰУ-да

27 ақпан, 2009

23 ақпан күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Конфуций институтының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Конфуций институтының ашылу салтанатына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов, шетелде қытай тілін насихаттау Қытай мемлекеттік басқармасы директорының орынбасары Джао Гуо Чен, ҚР-ғы ҚХР Елшілігінің Бас консулы Сун Лин Цзянь, Ланьчжоу (ҚХР) университетінің вице-президенті Дзинь Тау қатысты.

Конфуций институты 2002 жылы құрылған ҚазҰУ-дың қытай тілі Орталығы негізінде ұйымдастырылып отыр және Қазақ ұлттық университеті мен Ланьчжоу университетінің көпжылғы өзара әріптестігі мен атсалысуының нәтижесі болып табылады.

- Конфуций институтының ашылуы - екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтудағы үлкен іс. Бұл біздің жастарымызды қытай тілі, дәстүрі, мәдениетін үйренуге ынталандырады. Біз Қытайдың басқа университеттерімен де байланысымыз нығая бермек деген сенімдеміз, - деді жетекші университеттің ректоры.

Қазіргі уақытта ҚазҰУ-дың 130 студенті Қытайда білімдерін шыңдау үстінде. Қытай тарапы жыл сайын дәріс оқу үшін екі оқытушы жібереді, ал оқу бағдарламалары мен тақырыптық жоспарларды Ланьчжоу университеті ҚазҰУ-мен бірлесе отырып жасайды.

Шетелде қытай тілін насихаттау Қытай мемлекеттік басқармасы директорының орынбасары Джао Гуо Чен Қытайдағы Конфуций институтының Бас кеңсесінің атынан ҚазҰУ басшылығына алғысын білдірді. Ол:

- әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тек Қазақстан үшін ғана емес, сонымен қатар біздің ел үшін де білікті мамандарды даярлайтын бірден-бір оқу орны. Қытай тілі мен мәдениетін оқыту ісінде қазақстандық басқа жоғары оқу орындар арасында көшбасшы екені мәлім. Біз ҚазҰУ-мен тығыз қарым-қатынаста екендігімізді мақтан тұтамыз. Қытай тілі орталығының Конфуций институты болып өзгеруі тегін емес. Қазақстан жастарының қытай мәдениетіне деген қызығушылығының арта түсуі, алға жылжуы, заман үрдістеріне қарай бет бұруының белгісі. Әлемде 249 Конфуций инситуты және ұлы ойшылдың атымен аталған 58 аудитория бар. Жыл сайын институттара 6000 астам дәріс оқылып, 130 мың тыңдаушы қатысады. Соның ішінде ҚазҰУ-дағы Конфуций институты Дүниежүзілік Конфуций институтының бір бөлшегі, - деп ойымен бөлісті.

ҚР-ғы ҚХР Елшілігінің Бас консулы Сун Лин Цзянь ашылған институтты екі ел арасындағы көпір, қос университет әріптестігінің жаңа үлгісі деп атады. Қонақтар Қазақстан мен Қытай басшыларының ұстанған саясатына сәйкес Конфуций институтын достық қарым-қатынас үшін негіз етейік деген тоқтамға келді.

Институттың салтанатты ашылуында ҚазҰУ ректоры Б. Жұмағұлов екі жылғы қытай тілі дәрістерінің тыңдаушыларына сертификаттар табыстады.

Институтта жемісті оқу үшін барлық жағдайлар жасалған. Мультимедиялық оқу құрылғылары бар екі компьютерлік зал және лингафон кабинеті қызмет етеді. Қос жерсеріктік антенна қытай телевидениесінің тікелей трансляциясын қамтамасыз етеді.

Қазақстандағы бірегей Орталықта қытай және орыс тілдерінде 5000 астам оқу-көмекші құралдар, әртүрлі анықтамалық әдебиет және бейне-дыбыс материалдарымен жабдықталған кітапхана бар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметі