ҚазҰУ мен ҚР Сауда және интеграция министрлігі меморандумға қол қойды

2 маусым, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қазақстан Республикасының сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевпен кездесу өткізді. Жүздесу барысында ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен ҚазҰУ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.


Бұл құжат университетте коммерцияландырудан өткен ғылыми жобаларды дамытуға және Қазақстанның шикізаттық емес экспортын ұлғайтуға бағытталған бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға ықпал етеді.

Университет ректоры Жансейіт Түймебаев вице-министрге ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымын таныстырып, білім ордасындағы ғылыми жобалар туралы ақпарат берді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің ішкі сұранысын өтеу үшін ең алдымен ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамыту қажеттігін тапсырды. Бұл саланы инновация мен жоғары технология ғана жедел дамыта алады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғалымдар әзірлеген 100-ден астам инновациялық жоба бар. Қазіргі таңда аталған ғылыми жобаларды коммерцияландыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі бастама университет ғалымдарының әзірлемелерін әрі қарай дамытуға сеп болады деп есептеймін. Университет ғылымының нәтижесі ел экономикасы мен тұтас қоғамға пайда әкелуі тиіс. Жаңа Қазақстанның қалыптасуы елдегі ғылым және ғылымды қажет ететін технологиялардың дамуына тікелей байланысты. Сондықтан бүгінгі таңда университет ғылымын дамыту – бәрімізге ортақ міндет», – деді ректор.

Өз кезегінде ҚР сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев ҚазҰУ жетістігін жоғары бағалап, еліміздің сауда экспортын дамытуда ғалымдардың үлесін арттыру қажет екенін атап өтті.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін 41 млрд долларға дейін ұлғайту тапсырмасын жүктеген болатын. Осы тапсырмаға сәйкес, жоспар құрылып, жұмыстар атқарылуда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылым және технология жағынан еліміздегі көшбасшы университеттің бірі. Алдағы уақытта университеттегі инновациялық жобаларды бірлесіп ілгерілету, шикізаттық емес экспортты дамытуға қатысты ақпарат, статистикалық деректер туралы ақпарат алмасу, QazTrade Academy-мен экспортқа шығару жөнінде шағын және орта бизнесті оқыту бойынша ынтымақтастық және т.б. бағыттарда нақты жұмыстарды атқаратын боламыз», – деді вице-министр.

Кездесуден соң Қайрат Қалмұқаметұлы бастаған делегация ҚазҰУ-дың Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы мен Процестік инновациялар орталығын аралап, Әл-Фараби кітапханасында ғылыми көрмені тамашалап, оқу ордасының ғалымдары әзірлеген инновациялық жобалармен танысты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі