4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні

4 маусым, 2023

Құрметті Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары,

білім алушы жастары! 

 Сіздерді 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздігіміздің басты нышаны – Елтаңба, Ту, Әнұранымыз әрбір Қазақстан азаматы ерекше мақтан тұтатын ұлттық құндылығымыз.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында: 

 «Еліміз үшін Көк байрағымыздың, Елтаңбамыз бен Әнұранымыздың мән-маңызы айрықша. Бұл құндылықтар бойымызға зор мақтаныш және жауапкершілік сезімін ұялатады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – әр азаматтың қастерлі парызы», – деп атап өтті. 

Мемлекеттік рәміздер қазақстандықтарды біріктіруде, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуде ерекше маңызға ие.

Елтаңбамызды төрімізге іліп, Туымызды биікте желбіретіп, Әнұранымызды жүрекпен айту – бабалар арманының орындалғанының айқын көрінісі.

Тәуелсіздігіміздің қасиетті тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз жаңа, әділетті Қазақстан құру жолында біртұтас халық ретінде мемлекеттігімізді нығайтуға үндейді.

 Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, елдігіміз  баянды болсын!

 Шаңырақтарыңызға  құт-береке, еңбектеріңізге табыс, жақындарыңызға амандық тілеймін.  

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 

Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ