Ұлттық рәміздер мерекесінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Елтаңба авторы Шот-Аман Уəлихановтың Елтаңба тарихы туралы естелігін назарларыңызға ұсынамыз.
1991 жылдың күзінде Шота Ыдырысұлы сырқаттанып, ауруханада жатып қалады. Бір күні түс көреді. Түсінде Бурабай көлінің жағасында жүр екен. Көл бетінде – аққулар. Бір мезет аққулардың біреуі көкке көтерілді. Екі қанатының арасында күнге ме, күлшеге ме ұқсайтын бірдеңе жалтырайды. Анықтап қараса, шаңырақ екен. Өзінше түсін «Шаңырағымыз биік болады екен!» деп жақсылыққа жорыды. Мұндай түстің əсері ерекше болады екен. Таңертең тұра салысымен түсінде көргенін ақ қағаздың бетіне түсірді. Шеңбер, екі жағында екі қанат, ортасында шаңырақ. Екі қанатты қосқан «Қазақстан» деген сөз бар. Сол кездегі ақпарат министрі Қуаныш Сұлтанов ауруханаға келіп, сəулетшінің хал-жағдайын біледі. Екеуі біраз əңгімелеседі. Ол Байқоңырға жүргелі отырғанын, халқымыздың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Əубəкіровтің ғарышқа ұшқалы жатқанын айтты. Сонда сəулетшінің ойына өзі салған əлгі сурет сарт ете түседі. Суреттің бір жағына Тоқтардың, екінші жағына кейіннен бірнеше рет ғарышқа ұшқан Талғат Мұсабаевтың атын жазып, «Сендер халқымыздың қос қанатысыңдар! Жолдарың болсын!» деп сəлемхат жолдайды. Тоқтар Əубəкіров ағамыз да тегін адам емес қой, əлгі сурет оған бірден Елтаңбадай əсер етіпті. Ол кездері ғарышқа ұшқанда Кеңестер Одағы Елтаңбасы оң жаққа қадалатын. Ғарышкерлер Леонов пен Шаталов əлгі белгіні Қазақстанның ғарыштық белгісі ретінде ұсынады. Үкімет комиссиясы оны бекітеді. Кейіннен ғарыштан аман-есен оралған Тоқтар Оңғарбайұлы сəулетшіге телефон шалып, «Сіздің жұмысыңызды Тəңірден бекітіп əкелдім» дейді. Арада бір жыл өткенде, яғни 1992 жылы тəуелсіз мемлекетіміздің Елтаңбасына байқау жарияланды. Байқау жабық түрде өтуге тиіс. Бұл белгі «Ана тілі», «Қазақ əдебиеті» газеттеріне жарияланып қойған. Өз жобасын өзгерткісі келмеген ол тəуекелге бел байлап, байқауға қатысады. Нəтижесі бəрімізге белгілі, байқау жеңімпазы – Шот-Аман Уəлиханов.
Біреу білер, біреу білмес, міне, біздің Елтаңбамыздың осындай тарихы бар. Елімізде Шота ағамыздың есіміне байланысты, өз қолтаңбасын қалдырған көрнекті ескерткіштердің бірі – Алматыдағы Тәуелсіздік монументі. Басқа да ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып қалар ескерткіштер жетерлік. Дегенмен Елтаңбаның жөні бір бөлек. Ол – елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің айқын белгісі.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
«Qazaq universitetі» газетінің бас редакторы