ҚазҰУ Ректоры Huawei компаниясы өкілдерімен кездесті

5 маусым, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Алматыда өткен Huawei Middle East & Central Asia Tech Carnival 2023 саммитіне қатысты.

«Жоғары білім беруді цифрландыру» тақырыбында өткен іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Кәміл Ақатов, жоғары оқу орындарының ректорлары мен институттарының басшылары, Huawei компаниясының өкілдері мен шетелдік эксперт мамандар қатысты.

Технологиялық саммит аясында өткен дөңгелек үстел отырысында сөз сөйлеген ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Huawei компаниясымен серіктестік пен білім беруді цифрландыру саласындағы жетістіктерге тоқталды.

«Бүгінде ҚазҰУ базасында Huawei ақпараттық-коммуникациялық технологиялар академиясы жұмыс істейді. Бұл – университет пен Huawei компаниясымен жемісті ынтымақтастығының нәтижесі. Бұл өз кезегінде университеттегі цифрлық инфрақұрылым мен экожүйенің белсенді дамуына ықпал етті.

ҚазҰУ жанындағы Huawei АКТ академиясы Huawei компаниясының Қазақстандағы маркетингтік және білім беру жобасына айналды. Бұл біздің студенттерге үлкен мүмкіндіктер ашты. Енді олар сертификаттау емтихандарын тегін тапсыра алады, Seeds For the Future мәдени-ағартушылық бағдарламасына қатыса алады, желілік және бұлттық технологиялар бойынша халықаралық АКТ байқауына қатыса алады», – деп атап өтті ректор.

Айта кету керек, соңғы жылдары Huawei ICT Academy желілік технологиялар саласында ҚазҰУ-да көптеген мамандар даярланды. Олар оқуды сәтті аяқтап, Huawei компаниясының сертификаттарына ие болды. Сонымен қатар университет студенттері АКТ бойынша халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.

Университет басшысы ҚазҰУ-дың Huawei компаниясымен серіктестікті дамыту мен нығайтуды мақсат етіп отырғанын атап өтіп, келесі ұсыныстарды айтты: студенттер халықаралық көрмеде Huawei технологияларын пайдалана отырып, өздерінің инновациялық жобаларын ұсына алатындай АКТ байқауы аясында үшінші бағыт – инновациялар конкурсын ашу; ҚазҰУ базасында Talent Hub білім беру хабын ұйымдастыру; сымсыз желілер, заттардың интернеті, деректерді сақтау жүйелері, бұлттық есептеулер, машиналық оқыту, 5G жабдықтары және жасанды интеллект сияқты әртүрлі салаларда қосымша тегін жабдықты жеткізуді қамтамасыз ету; Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында смарт университеттің таныстырылымдық кампус желісін тегін орналастыруды ұйымдастыру.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев айтылған ұсыныстар жоғары білімді цифрландыруға және ақылды университет құруға жаңа серпін беретінін атап өтті.

 

Саммит барысында жаңа АКТ өнімдері мен шешімдерінің сериясы, интеллектуалды IP желілері, F5G және сақтау технологиялары саласындағы соңғы инновациялар мен тәжірибелер ұсынылды.          Келіссөздер барысында тараптар салалық трендтерді, жаңа технологиялық әзірлемелерді, цифрлық экономикадағы бұлтты технологиялардың рөлін талқылады, әртүрлі саладағы цифрлық трансформация бойынша тәжірибе алмасты.

  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі