ҚазҰУ жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы ұйымдастырған қалалық мансап орталығының жобасы аясында Career Day жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатысты.
Career Day қалалық жұмыс орындар жәрмеңкесі және Career Time кәсіптік бағдар беру фестивалі жұмыс іздеушілерге жұмысқа орналасуға көмек көрсету мақсатында өткізіледі. Жұмыс орындар жәрмеңкесінде негізінен жастар аудиториясына, оқу орындарының түлектеріне басымдық беріледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жәрмеңкеге белсене қатысты. Білім ордасының кәсіптік бағдар беру жұмысы жөніндегі өкілдері жәрмеңкеге келушілерді университеттің жетістіктері, факультеттер мен мамандықтар туралы ақпараттармен таныстырды. Олар талапкерлерге ҚазҰУ-ға қалай түсу, қандай шекті балл жинау керектігін айтып, барлық сұрақтарға жауап берді. Іс-шара аясында бакалавриат, магистратура, PhD бағдарламаларының тұсаукесерлері өтті.
«Талапкерлерге ҚазҰУ-да оқытылатын әртүрлі мамандықтар жайлы жан-жақты ақпарат алуға мүмкіндік берілді», – дейді қабылдау комиссиясының төрайымы, шығыстану факультетінің деканы Наталья Ем. – Біз жәрмеңкеге 2023-24 жылдарға арналған білім беру бағдарламаларының ерекшеліктері туралы хабардар ету үшін келдік. Университет ғылыми-зерттеу университеті мәртебесіне ие болғандықтан, біз талапкерлерге барлық факультеттердің ғылыми әзірлемелерін, жетістіктері мен жобаларын, соның ішінде жаратылыстану-ғылыми бағытын көрсету қажет деп санадық. Факультеттер ғылыми-зерттеу университетіне түсу арқылы талапкерлердің қандай артықшылықтар алатынын жеткізу үшін ЖОО-ның баннерлерін қойып, буклеттерін таратты. Олар ғалым және талдаушы ретінде мансап құра алады. Сонымен қатар біз инновациялар туралы ақпаратты да айттық. Атап айтқанда, биыл оқу ақысы көтерілген жоқ және бұрын-соңды болмаған жеңілдіктер енгізілді».
Career Day-ге 200-ден астам компания, 35 ЖОО мен 20 колледждің өкілдері және 5000-нан астам ізденуші қатысты. Жәрмеңкеге келушілер ҚР Еңбек заңнамасы туралы мәліметтер алып, анықтамалық-ақпараттық материалдар және буклеттермен танысты. Іс-шара қала аудандарында бір ай бойы жалғасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі