Ұстазымыз ұшқыр ойымен баурап алатын
Халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы болған профессор Гүлжауһар Жамбатырова жаңа мамандықты жетілдіру саласында орасан зор еңбек етті. Ол өзінің адами қасиеттерімен қоса, жан-жақты біліктілігін факультеттің қалыптасуы мен нығаюына арнаған еді.
Гүлжауһар Шағатайқызы 1943 жылы 29 мамырда Ресейдің Челябі облысы Вернен ауданындағы «Солнце» селосында дүниеге келген. Өзінің қайсар мінезі мен білімге деген құштарлығы 1961 жылы Челябі облысындағы Чесмен ауданының Горький орта мектебін үздік бағамен бітіргеннен кейін Челябі қаласындағы Мемлекеттік педагогикалық институттың тарих факультетіне түсуге мүмкіндік туғызады. Дегенмен елге, атамекенге деген сағыныш 1963 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне ауысумен аяқталды. ҚазМУ-дағы білімін 1966 жылы толық тамамдайды.
Жоғары оқу орнын аяқтаған жас маман ең алдымен Мемлекеттік өнер институтында аға лаборант қызметін атқарып, 1970 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіндегі Жалпы тарих кафедрасына ассистенттік қызметке қабылданады. Кафедрада қызмет атқарған төрт жыл көлемінде ұстаздық тәжірибесі шыңдала түскен Гүлжауһар Шағатайқызының ғылыми ізденіске деген бейімділігі де айқын аңғарылған еді. Аспирант кезінде Г.Жамбатырова әлемдік халықаралық қатынастар тарихы мен еуропалық дипломатияның қыр-сырын білуге талпынды. Жалпы халықаралық қатынастар тарихына ерекше көңіл бөлуі Гүлжауһар Шағатайқызының болашақ тағдырына тікелей әсер еткені сөзсіз. Осы бағыттағы ізденістің нәтижесі 1978 жылы 17 мамырда кеңестік дәуірде танымал болған тарих ғылымының докторы, профессор И.С.Галкиннің ғылыми жетекшілігімен М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дың тарих факультетіндегі Жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасы жанында «Позиция Германии в Ближневосточном кризисе 1875-1878 гг.» атты кандидаттық диссертацияны қорғауымен аяқталды.
Мәскеу аспирантурасындағы білім алу мерзімі аяқтала салысымен, Гүлжауһар Шағатайқызы өзінің шыққан білім ордасы – Қазақ мемлекеттік университетіне қайта оралып, тарих факультетіндегі Жалпы тарих кафедрасында аға оқытушы, кейін доцент ретінде қызметін жалғастырды. Көп ізденіп, оқып-тоқығаны сол кезде де, кейін де өзіне үлкен жәрдем болды, қандай іс бастаса да, нәтижеге жетті. Қай салада еңбек етсе де, халық игілігі үшін деп жанын салды. 1977 жылы тіпті Қазақстанның үкіметтік делегациясының құрамында Түркияның Бурса қаласындағы құрылтайда болып қайтуы Гүлжауһар Шағатайқызының қоғамдық жұмыстағы белсенділігін де аңғартады.
Гүлжауһар Шағатайқызы табандылық пен еңбекқорлық арқасында дегеніне жетті. Соның нәтижесінде 1984 жылы Қазақ ССР Оқу министрлігінің «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Өзінің білімін жетілдіру мақсатында 1988 жылы Берлиндегі Гумбольдт атындағы университетте ғылыми тағылымдамадан өтеді. Сонымен бірге осы жыл ішінде Германия Федеративтік Республикасындағы Гармиш қаласындағы Дж. Маршалл атындағы Қауіпсіздік мәселелерін зерттеу бойынша еуропалық орталықта халықаралық конференцияға қатысып, «Аймақтық тұрақтылық және Орталық Азиядағы қауіпсіздік» атты тақырыпта баяндама жасайды. Бұл ғылыми сапарлар Гүлжауһар Шағатайқызының білімдарлық өрісін биіктете түседі.
«Ұйымдастыра білген ұтады» дегендей, Г.Жамбатырова өзінің еңбекқорлығы мен ұжымдағы беделінің арқасында 1992-93 жылдарда тарих факультетінің сырттай оқу бөлімінің деканы қызметін атқарса, 1993 жылдан 1995 жылдың ортасына дейін тарих факультетінің деканы болды. Дәл осы кезеңде тарих факультетінің ішінде заман талабына сай халықаралық қатынастар саласындағы мамандарды даярлау ісі қолға алына бастаған еді.
1992 жылдың басында профессор Жарас Ибрашевтің тарих факультеті аясында елімізде қазақтың алғашқы халықаралық қатынастар саласындағы мамандарын даярлау туралы ұсынысын қолдағандардың алғашқы шебінде Гүлжауһар Шағатайқызы тұрды. Кейін жаңа мамандық бойынша ашылған топтарда доцент Г.Жамбатырова халықаралық қатынастар тарихы бойынша дәріс беруге құлшына кірісті. Аспирантура кезінде алған білімі мен шетелдік сапарларда жинаған тағылымы жаңа мамандықта дәріс оқуға сайма-сай келді. Дәріс оқу кезіндегі ұшқыр ой түйіндеулері мен мәселені жеткізудегі өзіне тән мәнері студенттерді баурап алатын еді. Сонымен бірге киім киюдегі талғампаздығы оның эстетикалық және ағартушылық қасиеттерін толықтыра түсетін.
Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер қатарының жылдан-жылға арта түсуі енді тарих факультеті шеңберінен шығып, жаңа факультеттің іргесін қалаудың кезеңі жеткені байқалды. Бұл үдерісті бақылауында ұстаған кафедра меңгерушісі, танымал профессор Ж.Ибрашев 1995 жылы факультеттің ашылуына ұйытқы болды. Профессор Ж.Ибрашев өз естеліктерінде жаңа факультеттің деканы ретінде тарих факультетінің деканы Г.Жамбатырованың ұсынылғанын және бұл өте орынды таңдау болғанын айтады. Оң шешімнің нәтижесінде Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы болып Гүлжауһар Жамбатырова тағайындалады. Г.Жамбатырова халықаралық қатынастар факультетінің деканы ретінде қызмет еткен 1995-2001 жылдар аралығында жаңа мамандықтың аяғынан тік тұруына орасан зор еңбек сіңірді.
Г.Жамбатырова өзінің ғылыми зерттеу бағыты бойынша еуропалық интеграцияның мәселелері мен қазіргі кезеңдегі халықаралық қатынастар мәселелеріне қатысты бірқатар ғылыми еңбектердің, оқу және әдістемелік құралдардың авторы. Ғылым саласында да жас ізденушілерге ғылыми жетекшілік жасауға уақыт таба білді. Гүлжауһар Шағатайқызының ғылыми жетекшілігімен бірқатар жас ғалымдар өз диссертацияларын ойдағыдай қорғады.
Университет, факультет шеңберінде өткізілетін студенттік мәдени шаралардың Г.Жамбатырова нағыз жанкүйері болды. Халықаралық, республикалық және университеттік деңгейде ұйымдастырылатын ғылыми конференциялар, саяси пікірсайыстар сияқты іс-шараларға студенттердің белсенділік танытуын жан-тәнімен құптайтын. Факультеттің «Дипкорпус» КВН тобының университет шеңберінде ғана емес, республикалық деңгейдегі жеңістері Гүлжауһар Шағатайқызының қолдауының арқасында еді. Студенттермен бірге Ыстықкөлде өтетін студенттік шараларға да бірге ілесіп, қастарында жүретін.
Гүлжауһар Шағатайқызы – халықаралық қатынастар мамандығының қалыптасу үдерісінің қайнаған ортасында жүрген, сол ортаның елеулі де қалаулы тұлғасы ретінде танылған, болмыс бітімі жас ұрпаққа ғана емес, замандастарына да үлгі-өнеге боларлық тұлға еді.
Ол үлкенге де, кішіге де нағыз ақылшы дос бола алатын. Қабағыңа қарап-ақ көңіліңдегі кірбіңді байқап, әбігерге түсетін. Сондай жаны нәзік сезімтал болғандықтан, бір нәрсені ол кісіден жасырып қалу мүмкін емес-тұғын. Адамның ішкі жан дүниесін түсініп, бірге күліп, бірге жылай алатын жан еді. Осындай адамгершілік қасиеттеріне тәнті болып, еліктей түсетінбіз.
Гүлжауһар Шағатайқызының шәкірттері жыл сайын факультетіміздің табалдырығын аттаған бірінші курс студенттеріне халықаралық қатынастар факультетінің мәні мен маңызын, құрылу тарихын, тұңғыш деканның жаңа мамандық үшін сіңірген еңбектері жайлы насихаттап отырады. Сонымен бірге университетте «Фараби әлемі» шеңберінде жыл сайын «Жамбатырова оқулары» өткізіліп келеді.
Жұртына ізгі мұра қалдырған ұлағатты ұстазымыз, қазақтың біртуар зиялы қызы Гүлжауһар Шағатайқызының бейнесі ешқашан ұмытылмақ емес, оның жолы – бәрімізге мирас. Ұстазымыз тірі болғанда, 80 жасқа толар еді. Амал қанша...
Амангелді ӘЛІПБАЕВ,
Бақыт БӨЖЕЕВА,
халықаралық қатынастар факультетінің доценттері