ҚазҰУ қазақстандық ЖОО-лар рейтингінде көш бастап тұр

8 маусым, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздегі ұлттық жоғары оқу орындары арасындағы көшбасшылығын кезекті рет айқындай түсті.

Observatory on Academic Ranking and Excellence (IREG) Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі (IAAR) өткізетін Қазақстанның сұранысқа ие жоғары оқу орындарының 2023 жылғы рейтингі нәтижесінде ҚазҰУ ең көп балл жинаған университет болып танылды. 

IAAR рейтингінде өткен жылмен салыстырғанда бірлескен білім беру бағдарламалары санының 22 пайызға өскені байқалады. «Академиялық ұтқырлық» индикаторы бойынша бұл көрсеткіш 15 пайызға артқан.

Көшбасшылар үштігін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бастап тұр (375 132 ұпай). Одан кейінгі орындарда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (256 734 ұпай) мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті (135 122 ұпай).

Білім беру бағдарламаларының сандық рейтингі 1600-ден астам білім беру бағдарламаларының және ҚР жоғары оқу орындарының бас рейтингін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы ұлттық рейтингке қатысу білім беру қызметтерінің бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне ықпал етеді. Білім беру сапасының нарық талаптарына сәйкестік дәрежесі, оқытушылардың танылуы және ЖОО-ның ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелілігі туралы жұртшылықты хабардар етеді.


«Қазақстан Республикасы ЖОО сұранысының тәуелсіз рейтингі – 2023» туралы толық ақпаратты «Education Quality Assurance» журналынан және https://iaar.agency/rating/1/0/2023 веб-сайтынан алуға болады.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі