ҚазҰУ ректоры ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымын 30 жылдық мерейтойымен құттықтады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының 30 жылдығына арналған іс-шараға қатысты.
Биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы түркі өркениетінің тарихи-мәдени және рухани мұрасын жаңғырту ісіне, түркі халықтарының бірлігіне, сондай-ақ түркі мәдениетін халықаралық аренада насихаттауға және ілгерілетуге елеулі үлес қосып келеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев университет ұжымы атынан ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевты және қатысушыларды мерейтойымен құттықтады.
«Осы жылдар ішінде халықаралық ұйым түркі халықтарына ортақ материалдық және мәдени ескерткіштерді сақтап, дамыту және болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатына айқын қол жеткізе алды. Түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту жұмысы жүйелі жолға қойылып, ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтау мен танытуға зор үлес қосты. Бүгінгі таңда университетіміздегі ТҮРКСОЙ кафедрасында түркітану саласы тереңдетіліп оқылып, жаңадан ашылған Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтында сирек кездесетін қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптар зерттелуде. ҚазҰУ мен ұйымның ынтымақтастығы алдағы уақытта да тұрақты жалғаса береді деп сенім білдіремін. Түркі халықтары арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға бағытталған жұмыстарыңызға табыс тілеймін!» – делінген құттықтауда.
Іс-шарада ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев және т.б. құрметті қонақтар құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ ТҮРКСОЙ-дың 30 жылдығына орай, медальдармен марапаттау рәсімі өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі