ҚазҰУ-да Қазақстан мен Әзірбайжан ынтымақтастығының жаңа бағыттары талқыланды

13 маусым, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қазақстан – Әзірбайжан ынтымақтастығы: кеше, бүгін, ертең» атты ғылыми конференция өтті. Ауқымды іс-шара Әзірбайжан Республикасының 3-ші президенті, әлемдік деңгейдегі саяси қайраткер Гейдар Алиевтің 100 жылдық мерейтойына орайластырылған.

Шараға Әзірбайжан Республикасы Ұлттық Мәжілісінің Мәдениет комитетінің төрайымы, Әзірбайжан – Қазақстан парламентаралық байланыстары жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Ганира Алескерқызы Пашаева бастаған делегация арнайы келді. Делегация ҚазҰУ мұражайын, Жағдаяттық басқару орталығын аралап, Әл-Фараби кітапханасы мен Фараби мұражайымен танысты. Құрметті қонақтар Әзірбайжанның бұрынғы президенті Гейдар Әлиев пен Әзірбайжан әдебиетінің классигі, жазушы Мір Жәлел Әли Пашаевтың өмірі мен қызметі туралы фото және кітап материалдарының көрмесін тамашалады. Делегация мүшелеріне ҚазҰУ-дың ғылыми жетістіктерінің көрмесі көрсетілді.

 

Конференцияны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, Гейдар Әлиевтің түркі әлеміндегі ерекше еңбегін атап өтіп, қайраткер тұлғаның 100 жылдық мерейтойы Әзірбайжанда ғана емес, Қазақстанда да кеңінен атап өтілетінін айтты. «Гейдар Әлиұлы Қазақстан – Әзірбайжан арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға айрықша еңбек сіңірген. Қазақстан мен Әзірбайжан бауырлас халықтар. Біздің тарихымыз бен дініміз, мәдениетіміз ұқсас. Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап екі елдің тығыз байланысы арта түсті. Әзірбайжан мен Қазақстан қарым-қатынасы жаңа бағытта дамып келеді. Бүгінгі кездесулер осы ынтымағымыздың айқын көрінісі», – деді ҚазҰУ ректоры.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көп жылдан бері Баку мемлекеттік университетімен ынтымақтастық орнатып, оқытушылары мен ғалымдары конференцияларға қатысып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда ҚазҰУ-да Әзірбайжанның 14 азаматы білім алуда. ҚазҰУ мен Баку университеті арасында әлеуметтік, гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық ғылымдар бойынша келісімдер бар. Баку университетінде Абай Құнанбаев атындағы Қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығы жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да шығыстану факультеті ТҮРКСОЙ кафедрасы жанынан Әзірбайжан тарихи және мәдени орталығы ашылған. Бұл орталықта түр­кітіл­дес хaлықтaрдың тaри­хы мен этногрaфия­сы, мә­де­ниеті мен әде­биеті, ті­лі мен рухa­ни мұрасы зерттелуде. «Осындай ғылыми, мәдени, әдеби байланыстар біздің ынтымағымызды арттырып, рухани кеңістігімізді кеңейте түседі», – деді өз сөзінде университет басшысы.

Шара барысында Әзірбайжан Республикасы Ұлттық Мәжілісінің Мәдениет комитетінің төрайымы Ганира Пашаева «Әзірбайжан мен Қазақстанның өзара қарым-қатынасы: кеше, бүгін, болашақ» атты тақырыпта баяндама жасады. Екі елді тарих, саяси және мәдени берік қатынастар байланыстыруда. Мәселен, Абай – қазақтың ғана емес, бүкіл түркі әлемінің ақыны, оған Гейдар Әлиев ерекше көзқараста болатын. Әзірбайжандар үшін қиын кезеңдерде оларды көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов қолдап, бауырлас халықтың мүдделерін қорғауға атсалысты. «Бүгінгі таңда Әзірбайжан Қазақстан сияқты қарқынды дамып келе жатқан тәуелсіз мемлекет», – деп атап өтті Ганира Алескерқызы.

Конференция барысында филология ғылымының докторы, профессор Нұрсұлу Шаймерденова қатысушылар назарына «Гейдар Әлиев және түркі әлемі» тақырыбында мазмұнды баяндама ұсынды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторы Ілияс Қалымбетов «Қазақстан – Әзірбайжан дипломатиялық қатынастары» атты баяндама жасады.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі