ҚАЗҰУ-ДА ОҚУ СТЕНДТЕРІН ШЫҒАРУ БОЙЫНША СТАРТАП-ЖОБА ӘЗІРЛЕНДІ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымдары «Әртүрлі мамандықтағы оқушылар мен студенттерге арналған оқу-зертханалық стендтер шығару» жобасын жүзеге асыруда.
«Елімізде оқу стендтері өндірісі нашар дамыған. Нарықта көптеген қымбат стендтер бар. Ең көп тарағаны – электронды компоненттер жиынтығы. Олар арнайы шартты графикалық белгілермен жұмыс істейді және аналогтық элементтерді зерттеуге арналмаған. Сондықтан біздің нарыққа өз өнімдерімізбен шығуға үлкен мүмкіндігіміз бар. Бұл үшін қазіргі таңда жобамызға инвестиция қажет», – дейді стартап инженері Ғалымжан Арын.
Жоба авторлары дайындаған отандық оқу-зертханалық стендтерінің артықшылығы: бағасы қолжетімді, жоғары сапа, құру технологиясы жеңіл әрі жылдам. Сонымен қатар қолданылу аясы кең. Мұндай стендтердің модификациясы білім беру мекемелерінің сұранысы мен қажеттілігіне байланысты әр түрлі болуы мүмкін.
Команда құрамы: әзірлеуші инженерлер – Ғалымжан Арын және Мерей Амангелдинов, сондай-ақ студенттер Мейіржан Бауыржанұлы, Ержан Төкенұлы. Стартапқа техника ғылымдарының докторы, PhD Данияр Исмаилов пен инженер Еркін Ақтаев жетекшілік етеді.
Стартап-жоба өнімдері негізінен оқу орындары: жоғары оқу орындары, арнайы орта оқу орындары, мектептер мен лицейлерде оқу барысында қолдануға бағытталған.
Қазіргі таңда команда әзірлеген «Электр тізбектеріне арналған оқу стенді», «Талшықты оптикалық байланыс желісіне арналған оқу стенді» және «Сандық электроникаға арналған оқу стенді» бойынша авторлық патенттер алынды. Олар электроника және электр тізбектері курсы бойынша зертханалық жұмыстарды орындауға және трансформатор мен қозғалтқыштың сипаттамаларын зерттеуге арналған. Сондай-ақ бүгінде сандық электроникаға арналған оқу стендіне сараптама жасалуда.
Жас ғалымдар алдағы уақытта өнімдерді сертификаттап, шағын сериялы өндірісті іске қосуды жоспарлауда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі