ҚазҰУ Париждегі Саяси зерттеулер институтымен бірлескен жобаларды іске асырады

16 маусым, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Париждегі Саяси зерттеулер институты Тарих департаментінің директоры Сабина Диллэн (Sciences Po Paris) бастаған делегация келді.

Сапар аясында шетелдік қонақтардың университет басшылығымен кездесуі өтті. Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиева ҚазҰУ-дың Францияның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығы туралы баяндап, университет жетістіктерімен таныстырды.

Академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша 2022-2023 оқу жылында Франция университеттерінде ҚазҰУ-дан 48 студент, 23 докторант және 16 оқытушы түрлі конференцияларға, біліктілікті арттыру курстарына қатысу және бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында барып қайтты. Дәріс оқу және PhD докторанттарына ғылыми жетекшілік ету үшін ҚазҰУ-ға Француз жоғары оқу орындарының 14 профессоры келді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бүгінде Францияның 20 жоғары оқу орнымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Университет базасында қосдипломды білім беру бағдарламаларын, бірлескен зерттеу жобаларын іске асыратын «Геоэнергетика» Қазақстан-француз ғылыми-білім беру орталығы құрылды. 2014 жылы Гавр университеті, Нант инженерлік мектебі, Анжер ауыл шаруашылығы жоғары мектебі, HEC Paris француз университеттерімен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды. Лотарингия ұлттық политехникалық университетімен Geo2Energy Қазақстан-француз орталығын құру туралы меморандумға қол қою «Геоэнергетика» орталығын дамытудың екінші кезеңі болады.

2023 жылдың сәуірінде ҚазҰУ-ға Реймс Шампань-Арденна, Гавр, Лотарингия университетінің вице-президенті Карл Томбр мырза бастаған француз ЖОО-ларының делегациялары келді.

«Бүгінде Францияның көптеген жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, біз жақсы қорытынды беретін түрлі ғылыми-білім беру жобаларын әзірлеп жатырмыз, – деп атап өтті проректор. – Біз өзара тиімді қатынастарды дамыту мақсатында Саяси зерттеулер институтымен (Sciences Po Paris) ынтымақтастық жасауға ниеттіміз».


Париждегі Саяси зерттеулер институты Тарих департаментінің директоры Сабина Диллэн ҚазҰУ басшылығына жылы қабылдағандары үшін алғысын білдіріп, Францияның жетекші оқу орындарының бірі болып саналатын институттың жетістіктері жайында айтты. Институт елдің саяси және дипломатиялық элитасының ұстаханасы әрі Шанхай жаһандық рейтингінде 301-400 және әлемдегі ең үздік 100 университет арасында 48-орында.

Нәтижелі диалог режимінде тараптар бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын және басқа да өзара тиімді бастамаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі