ҚазҰУ-да Судья және сот қызметкерлері күні аталып өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Судья және сот қызметкерлері күні кәсіби мерекесіне арналған ғылыми-практикалық конференция өтті.
«Қазақстан Республикасының сот билігін қазіргі жағдайда дамыту» тақырыбына арналған конференцияны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті ұйымдастырды.
Іс-шараға Қазақстанның жетекші ғалымдары, ҚР сот билігі мен мемлекеттік органдарының өкілдері, сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері, оқытушылар, докторанттар мен магистранттар қатысты.
ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ләззат Еркінбаева жиынды ашып, сөз сөйледі. Қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтай отырып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында «Заңның үстемдігіне барлық деңгейдегі шын мәнінде тәуелсіз, ашық және кәсіби сотсыз кепілдік беру мүмкін емес», – дегенін атап өтті. Ол сондай-ақ сот пен судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, судьялар корпусын жоғары білікті заңгерлермен нығайтуға, сот процесінде азаматтар мен бизнес құқықтарының кепілдіктерін күшейтуге бағытталған сот жүйесін жаңғырту қажеттілігі туралы айтты. «Қазіргі демократиялық қоғамда азаматтар мен қоғамның сотқа деген сенімі, сондай-ақ судьялардың адамгершілігі, адалдығы мен мінсіздігі мәселелерінде сот билігінің беделі маңызды рөл атқарады», – деді университет проректоры.
Отырыс барысында сондай-ақ заң факультетінің деканы Дәулет Байделдинов, Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі Алуа Ибраева, Қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының меңгерушісі Рима Жансараева және т.б. сөз сөйледі.
Конференция жұмысы жаңа Қазақстанда құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамды дамыту, 2022 жылғы Қазақстандағы конституциялық реформасы сот жүйесінде демократиялық процестерді өрбітудің катализаторы, қазіргі жағдайда сот жүйесін нығайту мәселелері және т.б. бағыттар бойынша жалғасты.
Қатысушылар сот билігінің тиімді жұмыс істеуі, Қазақстан Республикасындағы демократиялық үдерістерді конституциялық-құқықтық қамтамасыз етуді жетілдірудің өзекті ғылыми-теориялық мәселелерін талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі