«Деловар-2008»: ҚазҰУ арнайы сыйлыққа ие болды
Жуырда Қазақстанның «Атамекен» одағы» Ұлттық экономикалық палатасы мен Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауымен іскерлік әлемде танымал «Деловар» журналы тағайындаған жыл сайынғы «Деловар года-2008» рәсімінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне «Қазақстандағы ғылымның дамуына қосқан үлесі мен жас мамандарды дайындауы үшін» арнайы бірінші сыйлық тапсырылды. «Деловар года» сыйлығы бизнестегі жоғарғы кәсіби жетістіктерді бағалау нәтижесі бойынша жыл сайын қазақстандық кәсіпкерліктің ең үздік өкілдеріне табысталады. Сыйлықтың «Үздік ұлттық компаниясы», «Үздік инновациялық компания», «Үздік кәсіпкер» және т.б. номинациялары бар. Биылғы жылы бизнес және іскерлік әлем жайлы Қазақстандағы ең беделді ақпараттық-сараптамалық журнал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 75-жылдық құрметіне арнайы сыйлық тағайындады. «Деловар года» ұйымдастыру комитетінің бұл бастамасы еліміздің ата университетіне көрсеткен құрметі ғана емес, ең алдымен Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан экономикасы мен бизнесінің дамуына сіңірген еңбегін елеуі болып табылады. |
Ұйымдастырушылардың пікірінше, жетекші ұлттық университетке арнайы сыйлықты тағайындай отырып, олар бизнес-элитаның басым бөлігінің пікірін білдірді. Журналдың бас редакторы Оксана Кенчинбаеваның пікірінше, бұл заңды және кездейсоқ емес, себебі бүгінде қазақстандық бизнес-элитаның келбетін университет қабырғасынан қанат қағып шыққандар қалыптастырып отыр.
Диплом мен салтанатты рәсімнің басты символы беті ашық журналды бейнелейтін алтынмен әшекейленген мүсін салтанаттың құрметті қонағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Бақытжан Жұмағұловқа табыс етілді.
- Бұл сыйлық - профессорлық-оқытушылық ұжымының ғана емес, бірінші кезекте бүгінгі Қазақстан экономикасының гүлденуіне атсалысып жүрген ҚазҰУ-дың барлық буын түлектері еңбегінің нәтижесі, - деді қазақстандық жетекші университет ректоры.
Марапаттау салтанатында 500-ден астам танымал шетелдік және қазақстандық кәсіпкерлер, бизнес-құрылымдар мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты. ҚазҰУ ректоры салтанатты шараның ресми емес бөлігінде рәсімге қатысушылар мен қонақтардың құттықтауларын қабылдады. Олардың ішінде туған қарашаңырақты шын жүректен құттықтап жатқан университет түлектері де жетерлік.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі (727) 377 35 20