Жазғы сессия қорытындысы Ғылыми кеңесте талданды

27 маусым, 2023

Сапалы оқыту және ғылымды дамыту – ҚазҰУ-дың негізгі басымдықтары


ҚазҰУ-да кезекті Ғылыми кеңес өтіп, онда жазғы емтихан сессиясының қорытындылары және 2022/23 оқу жылындағы индикативтік көрсеткіштердің орындалуы туралы баяндамалар тыңдалды.

 Басқарма мүшесі академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева бірінші мәселе бойынша сөйлеген сөзінде жазғы сессияға 15 789 білім алушы қатысқанын атап өтті. ҚазҰУ студенттері 6094 емтихан тапсырды, оның ішінде 1581 – тест түрінде, 952 ауызша түрде, офлайн режимде. Сондай-ақ онлайн форматта ауызша –226 емтихан, жазбаша түрде офлайн режимде – 2307 емтихан өтті.


Өткен оқу жылымен салыстырғанда 2022/23 жылдары онлайн форматтағы емтихандардың саны 14 пайызға көбейді, ал офлайн форматында 13,43 пайызға қысқарды. Сондай-ақ спикер жазғы емтихан сессиясы кезінде кітапханаға барып дайындалған студенттердің саны жоғары болғанын атап өтті. Барлық емтихандар 10-27 мамыр аралығында өтті. Сессия барысында ҚазҰУ-дың бакалавриат (87 пайыз), магистратура (92 пайыз) және докторантурада (96 пайыз) білім алып жатқандардың үлгерімі бойынша жақсы нәтижелер шықты. Сонымен, бакалавриат бойынша факультеттер арасында көшбасшылардың алғашқы үштігіне: тарих, география және табиғатты пайдалану, биология және биотехнология факультеттері кірді.

Магистратура бойынша (92 пайыз) журналистика, тарих, география және табиғатты пайдалану факультеттерінде жақсы нәтижеге қол жеткізілді. Докторанттардың үлгерімі бойынша жоғары көрсеткіштерге жетіп, үздік бестікке – тарих, медицина және денсаулық сақтау, заң, журналистика және халықаралық қатынастар факультеттері кірді. Баяндама аяқталғаннан кейін академиялық комитеттерге 2023/24 оқу жылының қысқы сессиясының емтихан тапсырмаларының сапасын арттыру үшін емтихан тапсырмаларын, апелляциялық комиссиялардың жұмысын талдау тапсырылды.

Стратегиялық даму орталығының директоры Гүлшарат Минажева 2022/23 оқу жылына арналған профессорлық-оқытушылық құрамының, кафедралар мен факультеттердің индикативтік жоспары мен рейтингінің қорытындылары туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Индикативтік жоспардың бағыттары бойынша оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу, әлеуметтік-тәрбие жұмысының 41 негізгі көрсеткіші мен 28 қосалқы көрсеткіші талданды. Кафедралар мен факультеттер деңгейінде де барлық негізгі көрсеткіштер мен қосалқы сандар есептеліп, олардың көмегімен профессорлық-оқытушылық құрамның рейтингтік ұпайлары, кафедралар мен факультеттердің рейтингтері, кафедра меңгерушілері мен декандардың KPI анықталып, баға берілді.

Г.Минажева атап өткендей, профессор-оқытушылар құрамының 3069 рейтингтік анкетасы сарапталған кезде ЖОО бойынша орташа балл 84,6-ға бағаланды.

Сондай-ақ кеңесте Ғылым департаментінің директоры Жолдас Бөрібаев сөз сөйлеп, 2023-2025 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдардың гранттық қаржыландыру үшін конкурсқа қатысу мүмкіндігіне талдау жасады.

ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев жазғы сессия барысында көрсетілген барлық кемшіліктерді, индикативтік қорытындыларды факультет декандары мен кафедра меңгерушілері талдап, пысықтауы тиіс екенін атап өтті. Ректор ҚазҰУ-дың барлық проректорларына жұмыс бағыттары мен индикативтік көрсеткіштер бойынша есеп жасап, нақты ұсыныстар беруді тапсырды.

Сондай-ақ ҚазҰУ-дың негізгі басымдықтары – сапалы оқыту мен ғылымды дамыту болып табылатындықтан, университет оқытушылары мен профессорлары үшін бұл негізгі жұмыстың бағыт-бағдары болуы тиіс екені де айтылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі