«Бәрі де сіздер үшін, арулар!»

7 наурыз, 2012

Өткен оқу жылынан бастап университет ректоры Ғ.М. Мұтановтың бастамасымен 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі ерекше аталып, тек ер азаматтар құрамы өнер көрсеткен мерекелік кеш биыл да өз жалғасын тапты.


Ө.А.Жолдаспеков атындағы студенттер сарайында «Барлығы сіздер үшін, арулар!» атты кеште ер азаматтар ән салып, би билеп, композициялық қойылымдар қойды. Проректорлар, декан және орынбасарлары, бөлім басшылары барлық қыз-келіншектерді өздерінің басшылықтан бөлек өнерлі қырларын көрсетіп, тәнті етті.

Университет ұжымының тең жартысынан астамы жігерлі де қажырлы, нәзік жанды әріптестерімізден құралған деп сөз алған ректор Ғ.М.Мұтанов «Құрметті, арулар! Халықаралық әйелдер күні мерекесінде отбасыларыңызға амандық, ниеттеріңізге тазалық, дендеріңізге саулық, жұмыста табыс, шексіз махаббат пен баянды бақытқа ие болуларыңызға тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, университеттің құрметті профессорлары да өз өлеңдерін әйелдер қауымына арнап, аяулы аналарымыздың, сүйікті қарындастарымыздың ұлы мерекесі табиғаттың оянуы мен тұспа-тұс келетіні де бекер емес» екендігін айтты.

Ш.Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» әнін шырқаған ректор, әйелдер қауымын әнімен тербетіп, бүкіл залды көңілді күйге бөледі.

Концерттік бағдарламада Ақсақалдар кеңесі әйелдерге арналған поэзия оқыса, Проректорлар тобы «Ах, эта девушка» әнін, Студенттер вокалдық тобы, «Құрбым, жан құрбым», журналистика факультеті баспа ісі және дизайн кафедрасының меңгерушісі Сағатбек Медеубекұлы қазақтың қара домбырасымен «Он алты қыз» халық әні шырқады. Әскери кафедра орындауында хор тамаша орындалды.

Сонымен қатар, мерекелік кеште «Салтанат» би ансамблі, «Қайнар» квартеті өнер көрсетіп, барлық қыз-келіншектердің көңілінен шыққан кеш болды.

ҚазҰУ-дың ер азаматтары биылғы жылы да 8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесін қызу дайындық нәтижесімен, өте жоғары деңгейде өткізді. Сахна мерекеге сай дизайнмен, бұрын-соңды болмаған техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, керемет көрініске куә етті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі