ҚазҰУ студенттері Күн энергиясын өндіруді бақылауға арналған VOLT бағдарламалық жүйесін әзірледі. Бұл стартап жоба Күннен алынатын энергияны арттыруға бағытталған.
Анығында, VOLT бағдарламасы панельдерді Күн энергиясының түсуіне қарай оңтайлы орналастыруға бағыттайды. GPS технологиясы қолданылатын бұл жүйе әлемдегі бүгінгі энергетикалық дағдарыс қаупі жағдайында аса өзекті.
«Біздің өнертабысымыз кез келген жерде күн сәулесі түсетін «көтерілу бұрышы бар» деген қағидаға негізделген. Біз осы стартаптың сұранысқа ие болатынына көз жеткіздік. Өткен жылдың желтоқсанында еліміздің энергетикалық жүйесінде өнім тұтынудың айтарлықтай өсімі байқалды. 2022 жылы 7 желтоқсанда ел тарихында тұтынудың абсолютті өлшемі 16 459 мегаватт болып тіркелді. Ал отандық электр стансаларының жиынтық генерациясы тек 15 203 мегаватт, яғни тапшылық Ресейдің электр жүйесінің жоспардан тыс ағындары есебінен өтелді. Қазақстандықтар энергияны дүниежүзіндегі орташа деңгейден екі есе және Еуропалық одақ елдеріндегіден әлдеқайда көп тұтынады», – дейді жоба авторларының бірі, Экономика және бизнес жоғары мектебінің 3-курс студенті Асан Әбдірахым.
Жобадан күтетін нәтиже – Күн көзінен барынша қуат алу. Ал жаһандық миссиясы – еліміз бен әлемнің таза жасыл энергияға көшу процесін жеделдету. Қазір бағдарламалық жүйе тәжірибелік күн панельдерінде сыналуда.
Жас ғалымдар биыл осы жобаға қосымша жел генераторының параметрлерін қарастыруға мүмкіндік беретін компьютерлік модель құруды жоспарлап отыр. Мұндағы мақсат – турбиналардың қуат коэффициентін арттыру. Бұл бағдарламалық кешенді виртуалды зертхана құру үшін пайдалануға жол ашады.
Өнертапқыш жастар үш жыл ішінде Қазақстанда, сондай-ақ Орталық Азияда күн мен жел энергиясын алу ісін барынша арттыру үшін технологиялар ұсынатын жетекші компания болуды мақсат етеді.
VOLT командасының ғылыми жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар. Бұған дейін студенттер Вattery Recycling – литий аккумуляторлар мен батареяларды утилизациялаудың заманауи технологиясы стартапымен айналысқан.