Студенттер өндірістік тәжірибеден өтті
Химия және химиялық технология факультетінің 2-курс «6B07201 – Фармацевтикалық өндіріс технологиясы», 3-курс «6В07104 – Органикалық заттардың химиялық технологиясы» білім беру бағдарламалары бойынша орыс және қазақ топтарының студенттері биылғы көктемгі семестрге жоспарланған өндірістік тәжірибесін Алматы облысының Қарасай ауданы, Елтай ауылдық округі, Көкөзек ауылында орналасқан «Келун-Қазфарм» ЖШС базасында өтті. Алғашқы күні студенттер өндірістің қауіпсіздік стандарттары және ережелерін сақтау жолдарымен танысты.
Содан кейін арнайы бөлімде өнімнің сапасын бақылау процестеріне қатысты. Білім алушылар сапа бөлімінің физика-химиялық талдаулар жүргізу, тұрақтылық сынағы және өнімнің сапа стандарттарына сәйкестігін бағалау жұмыстарын көрді. Сонымен қатар мамандар оларға заманауи физика-химиялық әдістердің құрылғылары мен үлгілерді алу тәсілдерін түсіндірді. Студенттер А блогы бөлігіндегі ерітінді түріндегі дәрілерді дайындау мен құю процесімен толық танысты. Әр блоктағы топтық жұмыстар студенттер үшін тәжірибенің маңызды бөлігі болды. Себебі олар бірлесіп жұмыс істеу, идея алмасу және мәселелерді бірге шешу сияқты командалық жобаларға қатысып, жұмыстың нәтижелі болатынын білді. Мұндай жұмыстар тиімді қарым-қатынас жасауды, басқалардың пікірін тыңдауды және ымыраға келуді үйренуге көмек берді. Өз білімдерімен, тәжірибелерімен бөліскен кәсіби мамандардың жетекшілігімен жұмыс істеудің қыр-сырын үйренді.
Көршілес Ресей, Қырғызстан т.б. көптеген елдермен келісімдері бар, жұмысы қайнаған ортада студенттер алған теориялық білімді тәжірибемен ұштастырудың мүмкіндіктерін көрді. Бұл компанияда жұмыс істейтін басты мамандардың көпшілігі біздің факультеттің түлектері екені аса қуантты.
Тәжірибе соңында «Келун-Қазфарм» компаниясына өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік беріп, студенттердің тәжірибесін шыңдағаны үшін ұйымға алғыс айтамыз. Бұл тәжірибе студенттердің болашақ мамандығына берік негіз болатынына және фармацевтика саласында табысқа жетуіне ықпал ететініне сенімдіміз.
Орынкүл ЕСІМОВА,
Аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасының доценті
Жадыра ТӘТТІБАЕВА,
оқытушы