МАГИСТРАТУРАҒА ТҮСУГЕ АРНАЛҒАН КЕШЕНДІ ТЕСТІЛЕУ БАСТАЛДЫ

22 шілде, 2023

Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды. Естеріңізге сала кетсек, Кешенді тестілеуді тапсыруға өтініш қабылдау 1 маусым мен 15 шілде аралығында ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында app.testcenter.kz жүзеге асырылды.

Биыл магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 43 мыңға жуық өтініш қабылданды. Ең көп таңдалған білім беру бағыттары қатарында «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Бизнес, басқару және құқық» бар.
«Барлық қалаушылар үшін тіркеу бір жарым ай жүргізілді. Тіркелу барысында оқуға түсуші тестілеу орнын өзі таңдады. Емтихан бүгін басталып, 10 тамызға дейін жалғасады», - деді ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Магистратураға түсу форматына келетін болсақ, биыл ешқандай өзгеріс жоқ. Сондай-ақ, тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда онлайн-апелляция беруге болады. Тестіленуші емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция бес күн ішінде қарастырылады, одан соң сертификат оқуға түсушінің Жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Шеткі балдар өзгеріссіз қалды: ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін 75 балл, бейіндік магистратураға түсу үшін 50 балл жинау қажет.
Естеріңізге сала кетсек, магистратурада оқу үшін 2023 жылы 13 мыңнан астам грант бөлінген. Кадрларды даярлауға арналған гранттар сұранысқа ие бағыттар бойынша бөлінеді.
Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 11-14 тамыз аралығында жүзеге асырылады, ал грант иегерлерінің тізімі 26 тамызға дейін жарияланады. Болашақ магистранттардың ЖЖОКБҰ-на қабылдануы 28 тамызға дейін аяқталады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі