Оқырманымен қауышқан тұңғыш мақал-мәтелдер
Қазақ фольклорына арналған тағы бір құндылық. Бұған дейін еш жинақта кездеспеген мақал-мәтелдер оқырманға жол тартты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің профессоры, «Қазақ фольклористикасы» оқу-зерттеу лабораториясының меңгерушісі Сұлтанғали Садырбайұлының құрастыруымен, жалпы редакциялық басқаруымен «Қазақ халқының мақалдары мен мәтелдері» атты кітап жарық көрді.
«Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген асыл қазынаның тұсаукесер рәсімі 14 наурызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтті. Профессор Сұлтанғали Садырбаев бұл еңбек он жылдық маңдай терінің үлесі екенін тілге тиек етіп: «Кітапта ХVІІІ – ХІХ ғасырда Петербург, Қазан, Орынбор, Омбы, Алматы қалаларында араб әрпімен басылған жинақтарда жарияланған мақал-мәтелдердің таңдаулы үлгілері берілген. Бұрынғы жинақтарда кездеспейтін, Қазақстан Ғылым академиясының қолжазбалар қорынан алынған жүздеген жаңа мақал-мәтел қосылды», - дейді. Ал, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті деканының оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлмира Құдайбергенқызының айтуынша, елімізде жыл сайын мақал-мәтелдерге арналған бірді-екілі кітаптар жарық көреді екен. Ал бүгінгі кітапта араб тілдерінен қазақ тілдеріна аударылған мақал-мәтелдермен оқырман тұңғыш рет қауышып отыр. Тұсаукесерге келген қауым қазақ мақалдары мен мәтелдерін жинап жеткізуде фольклорист М. Әуезов және М. Ғабдуллин есімдері ерекше аталса, сол топқа Сұлтанғали Садырбаев есімі де қосылды деп түйіндеді. Қазақ әдебиетінің, асыл сөздерінің ұрпаққа мирас болып қалуына қолдау танытқан университет басшылығына алғыс айтып, автор еңбегін жоғары бағалады.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі