- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ана тілі аруы» байқауы өз мәресіне жетті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ана тілі аруы» байқауы өз мәресіне жетті
2009 жылдың 27 ақпанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ана тілі аруы» байқауы өткізілді. «Ана тілі аруы» байқауының ең басты мақсаты ана тіліне деген құрметті паш ету. Тәрбиенің басты құралы - тіл. Қазақ тілі халқымыздың ғасырлар бойы жинаған қазынасы, тарихы мен мәдениетінің әрі айнасы, әрі шежіресі, өзін де, өзгені де танып білетін негізгі құралы. Бізде басқалардан өзгеше тілдің анаға байланысты аталуы оның ұрпақтан ұрпаққа берілуіндегі ананың орнын көрсетсе керек. Яғни, елімізде мемлекеттік тілдің болашағы көбіне қыздарымызға байланысты. Әйел-ана ұлтымыздың бойындағы бар жақсы қасиеттерді - тілін, ділін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дарытушы, дамытушы. Ұлан-байтақ ұлы даланы мекендеген қара орман халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдет-ғұрып, салт-дәсүрінің біркелкі болып келуі бұрынғы өткен дана аналарымыздың арқасы. Қазақта әдетте елге келін боп түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, рухани-моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығынан аттаған босағаның игілігіне, қала берді бүкіл бір қауым елге сіңірген. Бұл жақсы үрдіс, ғибратты ғадет бүкіл ұлттың бірлігіне, рухани болмысына, игі ықпалын тигізген. Сондықтан да халқымыз қыздарына төрден орын беріп, қонақ деп еркелеткен, парасаттылыққа баулып, еркін өсірген.
«Ана тілі аруы» байқауында факультеттерде іріктеуден өткен 18 ару жалпыуниверситеттік байқауға жолдама алды. Байқауға қаракөз аруларымызбен қатар қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің де қатысқаны мемлекеттік тілдің мерейін арттыратын әрі қуанарлық жайт болып отыр. Байқау шарттарына сәйкес арулар бірінші кезеңде өзін-өзі таныстырса, екінші кезеңде өз өнерлерін көрсетті, үшінші кезеңде қазақтың салт-дәстүрлеріне байланысты сұрақтарға жауап берді, ақтық сында арулар кештің сәніне ән қосып, сәнді киім үлгілерін паш етті. Өз тілімен қатар мемлекеттік тілді жетік меңгерген биология, заң және философия және саясаттану факультеттерінің студенттері Ефанова Елена, Хамедуллина Екатерина және Беркутова Екатерина әділқазылар алқасының ерекше ықыласына бөленді.
Әділқазылар алқасына «Ана тілі» газетінің бөлім редакторы Нұрперзент Домбай, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторының бірінші орынбасары Бекжан Әшірбаев, «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Рая Ескендір, «Айқын» газетінің «Экономика» бөлімінің редакторы Гүлнәр Жұмабайқызы, Қазақ радиосының «Қайырлы таң» бағдарламасының редакторы Бақыт Жағыпаров және университетіміздің ардагер ұстазы Утекешова Роза Қарасайқызы шақырылды.
«Ана тілі аруы» байқауында 1 орынды халықаралық қатынастар факультетінің студенті Қаратаева Сандуғаш, 2 орынды философия және саясаттану факультетінің студенті Беркутова Екатерина, 3 орынды дайындық факультетінің студенті Дүйсен Ұлан иеленді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар, сондай-ақ бірнеше номинация бойынша да дипломдар табыс етілді.
Тілдерді дамыту бөлімі