Наурыз құтты болсын!

19 наурыз, 2012

Наурыз – ұлттық мейрам. Бұл күн мен түн теңелетін, көктем мен еңбек мерекесі болып табылады. Халқымыз Наурызды «Жыл басы», «Ұлыстың ұлы күні» деп те атайды. Осы ұлыстың ұлы күніне арналған іс-шара ән-шашуы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінде өтті. Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алып жүрген 91-ші топпен «Шығыс жұлдыз­дары» үйірмесінің ұйымдастыруымен «Наурыз мерекесі» тақырыбына арналған ашық эдвайзер сағаты өтті.

Наурыз мерекесін факультет деңгейінде ерекше атап өтуге топ эдвайзері аға оқытушы Бинұр Балаубаева белсене атсалысты. Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында, салт-дәстүрімізді қастерлеу мақсатында ұйымдастырылған шара өзгелерге үлгі аларлықтай, үлкен дайындықтың көрсеткіші болды. Аталған шараға факультет деканы К.Шәкіров, университеттік тәрбие бөлімінен Шынар Канафьева, Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының меңгерушісі Е.Чукубаев, халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі С.Айдарбаев және факультет оқытушылары, қызметкерлер және студенттер қатысып, тамашалады. Топ студенттерінің барлығы ұлттық киімде киініп, керемет өнер көрсетті. Бұл мерекеге Қазақстан Республикасы отбасылық ансамбльдер конкурсының бас жүлдегері «Дәрібаевтар ансамблі» арнайы қонақ ретінде шақырылып, «Тойбастар» және «Қазақтың қаны» әндерін орындап, көпшілікті қуантты. Қонақтар Наурызға арналған дастарханнан Наурыз көже ішіп тарқасты.

«Шығыс жұлдыз­дары» үйірмесі