Факультеттер барлық талаптарға сай

20 наурыз, 2012

19 наурыздағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ректорат мәжілісінде әдеттегідей, үздік студенттерді қолдау мақсатында шәкіртақы тағайындалды.

Экономика және бизнес жоғары мектебінің есеп және аудит кафедрасы тағайындаған шәкіртақы 1 курс студенті Айжан Көбееваға, 2 курс студенті Балжан Жамантаеваға және 1 курс студенті Шахризада Дәулетоваға табысталды. Сондай-ақ, физика-техникалық факультеті тағайындаған ҚР ҰҒА академигі Фазылхан Байымбетов атындағы шәкіртақыны Сламия Мәулетбек, Жақып Мұхтар иеленсе, ҚР ҰҒА академигі Мейірхан Әбділдин атындағы шәкіртақыны Ерік Базарбаев, Жансая Рақымқұл иеленіп, ҚР ҰҒА академигі Шәмші Серсембинов атындағы шәкіртақы Ботагөз Медияноваға, Тимур Нұрмамытовқа, ал КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бэлла Ахметова атындағы шәкіртақы Асхат Жәнібековке табысталды.

Мәжілісте сонымен бірге, философия және саясаттану, заң, экономика және бизнес жоғары мектебі, халықаралық қатынастар, механика-математика және шығыстану факультеттерінің мемлекеттік аттестацияға дайындығы айтылды. Аталмыш факультеттерді тексеру бойынша жауаптылардың айтуынша, факультеттер мемлекеттік аттестацияның барлық талаптарына толықтай дайын. Құжаттар талапқа сай толтырылған, қазақ тіліндегі оқулықтар саны артқан, жалпы жұмыс барысы жоғары дәрежеде. Факультет басшылары, өз кезегінде, «мемлекеттік аттестацияны тапсыру жеткен жетістіктерімізді көрсететін, мақтаныш сәті» дейді. Өткен аптада қаралған факультет жұмыстары да бүгінде барлық талапқа сай бір ізді жұмыс атқарып отырғандықтарын жеткізіп, жоғары бағаланды.

Ғылыми кітапхана директоры Гүлжан Мұсақызы «Зерттеу университетіне айналу аясында ғылыми кітапхананың ақпараттық ресурстарын қалыптастыру атты баяндамасында» университеттегі кітап қорының молайып отырғандығын, кітапхана жұмысының жақсара түскендігін айтып, бұл ретте университет басшылығының қолдауын және «Қазақ университеті» баспасының зор үлесін ерекше атады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі