Пәндік олимпиада – бұл ғылым мейрамы

30 наурыз, 2012

2012 жылдың 26-28 наурызы аралығында философия және саясаттану факультетінде әлеуметтану, мәдениеттану, философия, саясаттану, психология бойынша 5 бағытта ҚР БжҒМ-нің Республикалық Пәндік Олимпиадасы болы өтті.

Сайысқа еліміздің түрлі жоғары оқу орындарынан Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Шымкент, Түркістан, Алматы қалаларының командалары қатысты.

Факультетте өтетін пәндік олимпиада – бұл ғылым мейрамы. Бұл күндері аудиториялар мен дәліздерде көтеріңкі көңіл-күй атмосферасы қалыптасты. Костюмдендірілген қойылымдар мен тартымды презентациялар тек олимпиада қатысушыларының ғана емес, сырттағы адамдардың да қызығушылығын арттырды. Студенттер олимпиаданың барлық айналымдарында ақыл-ойлары мен шығармашылық тапқырлықтарымен күреске түсті. Әділ-қазылар алқасы үшін жеңімпаздарды анықтау оңайға түспеді. Өйткені, олимпиадаға өздерінің оқу орындарында екінші айналымға өткен тек іріктеулі студенттер келген болатын. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі химия факультетінің А. Бектұров атындағы үлкен залында өтті. Іс-шарада үлкен экранда олимпиаданың қызықты сәттерінен көріністер ұсынылып, факультеттің талантты студенттері шығармашылық өнерлерін көрсетті. Жеңімпаздарға дипломдармен қатар кубок, естелікке сыйлықтар және сувенирлер ұсынылды. Олимпиадаға қатысушылар мен әділ-қазылар алқасы алғыс сөздерімен мен лебіздерін білдірді.

Пәндік олимпиада студенттерге өз білімдерін көрсету ғана емес, сонымен қатар жаңа достар табу, жаңа белестерден көріну және жаңа мақсаттар қойып, оған жету жолында сенімді болуға мүмкіндік берді.

Философия және саясаттану факультеті