Наурыздың 30 жұлдызында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Сұңқар» студенттер кәсіподағының ұйымдастыруымен Журналистика факультеті ғимаратынының Т.Қожакеев атындағы залында ІІ Халықаралық Форум алдындағы «Жастардың кәсіподақтағы рөлі және болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге «Сұңқар» студенттер кәсіподағының төрайымы Алия Қарақожаева жетекшілік етті.
Шара жұмысына арнайы шақырылған қонақтар – Алматы қалалық ҚР Білім және ғылым қызметкерлері "Парасат" кәсіподағының төрағасы Данат Жаңатаев, ҚР теміржолшылар кәсіподағының маманы Замзагүл Башарова, сонымен бірге, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ, Алматы энергетика және байланыс университеті және Қазақ ұлттық аграрлық университеттерінен келген кәсіподақ көшбасшылары қатысты.
Кәсіподақ дамуы мен келешегіндегі жас көшбасшылардың алатын орны, студенттер кәсіподағының Респубилкалық деңгейде бірігуінің маңыздылығы, сонымен бірге ҚазҰУ «Сұңқар» студенттер кәсіподағының жұмыстары жиынның күн тәртібінде қаралған негізгі мәселелер болды.
«Жастардың кәсіподақтағы рөлі және болашағы» атты дөңгелек үстел жұмысына кәсіподақ саласында елеулі орны бар мамандар, ЖОО көшбасшылары, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының өкілдері, жас кәсіподақ мүшелері белсене араласып, қызығушылықтарын танытты. Себебі, қазіргі білім мен сауат заманы жастарының өмірінде кәсіподақ маңызды рөл атқарады, осыған сәйкес, жастардың қажеттіліктерін біліп, қамтамасыз етуге тырысу кәсіподақ іс-әрекетінің ажырамас бөлігі болып табылады.
Үстіміздегі жылдың 20-21 сәуіріне жоспарланып отырған ІІ Халықаралық Форумның студенттердің өзін-өзі басқаруындағы рөлінің айрықша екендігі де ескеріліп, жыл сайын өткізілуі жан-жақтан қолдау тапты.
«Жастардың кәсіподақтағы рөлі мен болашағы» дөңгелек үстелінде қарастырылған мәселелер мен айтылған пікірлерді жинақтай келе, қорытындысында кәсіподақ үшін маңызы зор бірнеше шешім қабылданды. Қазіргі заманауи қоғамның ең үлкен бөлігі – студенттердің әлеуметтік, экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғап, оларға қолдау көрсету әрқашан кәсіподақтың негізгі мақсаты болатын, өткізілген дөңгелек үстел де кәсіподақ жұмысына жаңашыл жүйе енгізуді тереңдей қарастырып, сол игі мақсаттарға жету жолдарын бұрынғыдан да жандандыра түсті.
Жастар ұйымдары комитеті