Әз-Наурыз молшылық алып келгей...

3 сәуір, 2012

Барша түркі халықтарының жаңа жылы әз-Наурыздың келуіне орай, қаламызда күн жылыған сияқты. Қар еріп, көк шығып, табиғат ана жаңа жылда жаңа кейіпке енуде. Төл мейрамды Қара шаңырақ – ҚазҰУ-дың қасиетті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті де атап өтті. 31-наурыз күні факультетке қарасты 17-жатақхананың ауласында ат тұяғы дүбірлемесе де, адам шуы күбірлеген үлкен той болды.

Факультеттің ұлағатты ұстаздарынан бастап студенттер, магистранттар және доктаранттарға дейін жиналған ұлыстың ұлы тойы жылдағыдан ерекше аталып өтті. «Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы» кафедрасының ұйымдастыруымен өткен мейрамға факультеттің саясында жүргендердің баршасы белсенділікпен қатысты. Кафедраның тізгінін ұстап жүрген филология ғылымдарының докторы Өмірхан Әбдіманұлының бастауымен келген кафедраның танымал ұстаздары З. Бейсенғали Зейнол-Ғабден, Ж. Тілепов, А.Бұлдыбай, А.Темірболат, С.Дәрібаев, Ш.Шортанбаев т.б. үлкен-кіші ұстаздар тойдың сәнін келтірді. Ең ерекше қонақ Ресейдің Санкт-Петербург унивеерситетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сергей Акимович Кибольник болды. Ауланың о шетімен бұ шетіне жайылған дастарханнан өзге жатақханалардан той көрмекші болып жиналған қауым да дәм татты. Қазақы әуендермен ҚазҰУ қалашығы және де нұрлана түскендей болды.

Доктаранттар мен магистранттардың ценарийына құрылған концерттік бағдарламаларға тағылар сын болмады.

«Әз-Наурыз» мейрамының басқа мейрамдардан ерекше екені осы тойдан байқалды. Ендеше, қалың қазақты қуанышқа бөлеген жаңа жылымыз әз-Наурыз мейрамы елімізге молшылық алып келгей...

Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті