Студенттер жаңа жобаларды қолға алмақ
2012 жылдың 4 сәуірі Жастар ұйымдары комитетінің кеңейтілген жиналысы өтті. Жиналыс барысында студенттік өзін-өзі басқарудың соңғы жаңалығы болып табылатын әр факультеттің Студенттік декандары белсенділер қатарына қабылданды.
Күн тәртібінде алдағы уақыттағы іс-шаралар жоспары талқыланып, бірнеше ұсыныстар қарастырылды. Ұсыныстар қатарында «Эколог» клубы мен Жоғары Студенттер Кеңесі бірігіп, «Экологиялық жағдайға сай жатақхана» жобасын бастамаға алатын болды. Ендігі кезде университет жатақханалары арасында таза, қуат көзін үнемдейтін, сенбілікті тұрақты түрде жүргізетін, бөлме өсімдіктерімен безендірілген студенттік үй анықталатын болады. Сондай-ақ, «Сұңқар» студенттер кәсіподағы «Жан мейірі» журналымен бірге мүгедек немесе әлеуметтік әлжуаз топтан шыққан студентке айына бір рет шәкіртақы тағайындауға мүмкіндік беретін жобаны алға тартып, оған атсалысуға бүкіл белсенділерді шақырды.
Жиын соңында Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры М.С.Ноғайбаева сөз алып, студенттерге алда келе жатқан барлық студенттік жобаларын, университеттік Наурыз мерекесін өткізуде сәттілік тіледі.
Жастар ұйымдары комитеті