"Қазақпарат" ұлттық ақпарат агенттігі
07 Сәуір 2012, 14:15
Алматыдағы сенбілікке Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен 17 мыңнан астам адам қатысты
АЛМАТЫ. 7 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Болашақ бүгіннен басталады» акциясы аясында өтіп жатқан жалпықалалық сенбілікке әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен 17 мыңнан астам адам қатысты.
Олар 70 гектардан астам аумақты алып жатқан университеттік кампус аймағын тазарту, жинау және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.
«Жоғары оқу орны басшысының жетекшілігімен студенттер, оқытушылар мем қызметкерлер қоқыстарды шығарып, ағаштарды әктеді, гүлдер отырғызып, ағаш екті. Сондай-ақ, оқу ғимараттарында және жатақханаларда тазалық жұмыстары жүргізілді», - дейді университеттің баспасөз қызметінің жетекші маманы Еңлік Ақжігіт.
Университеттің алдағы уақыттағы жоспарларымен бөліскен Е.Ақжігіт, студенттер сенаты 8-9 сәуірде шағын-футболдан студенттік топтар арасында қалалық турнир өткізетіндігін айтты. Ол салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды дене шынықтырумен айналысуға және спортқа тарту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Ал 20 сәуірде «Көмек» студенттік еріктілер ұйымы қайырымдылық жәрмеңкесін өткізбек. Онда мүгедек балалардың қолөнер бұйымдары саудаға шығарылып, жәрмеңкеден түскен қаржы Қаскелеңдегі балалар үйіне және қалалық интернаттың тәрбиеленушілері мен «SOS» балалар ауылына берілмек.
Автор: Ерлік Ержанұлы