ҚазҰУ-да «Қазіргі әлемдегі ислам: даму барысы мен болашағы» атты халықаралық ғылыми симпозиум өз жұмысын бастады

19 сәуір, 2012

19 сәуір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының IV съезі қарсаңында өткізілетін «Қазіргі әлемдегі ислам: даму барысы мен болашағы» атты халықаралық ғылыми симпозиумға Түркия Республикасынан келген делегациямен кездесуі өтті.


Делегаттармен арнайы кездесу барысында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов бүгінде Түркияның 10 шақты ЖОО-мен әріптестік орнатып, біріккен ғылыми жобалар негізінде ортақ іс атқарып келетіндігін айтып, ұлттық университеттен студент, магистрант, ғылыми қызметкер тәжірибе алмасу барысымен барып қайтқандарын атап өтті. «әл-Фараби атындағы университеттің мұражайын аралап, танысып, ондағы болашақтағы ҚазҰУ макетін көріп, барлығы да жүйелі жоспармен жасалғанына куә болдық. Ғылыми ізденіске үлкен мән беріледі екен. Әлемде көп іргелі университеттер бар, олар құжат жағынан көрсете алмауда, ал бұл жағынан сіздер өте ерекше назарда екенсіздер. Университеттің даму тарихынынң барлық құжаттарын сіздердің мұражайда сақтаулы тұрғаны бізді де қуантты», - деді 29 Мамыр университетінің ректоры, Ибрахим Кафи Дөнмез.

Садин Аййылдыз – Түркия Республикасының бас консулы және Мармара университеті теология факультетінің профессорларынан құралған делегация арнайы симпозуимға келіп отыр. Симпозиумда қазіргі әлемдегі исламның өркендеуі, ислам елдерінің әлемдік қауымдастыққа интеграциялануы, мемлекет пен діннің ара-қатынасы, ислам әлеміндегі саясат пен экономиканың өзекті мәселелері қарастырылады. Сондай-ақ, исламдағы қазіргі кезеңдегі ағымдар мен әлеуметтік-экономикалық модернизация үдерістері, жаңа жаһандық мүмкіндіктер мен қауіптер жағдайында ислам елдеріндегі мемлекет және азаматтық қоғам дамуының мүмкін сценарийлері мен модельдері, ислам әлеміндегі әлеуметтік қатынастарды үйлесімді өрбіту мен дағдарысты жағдайды жеңу модельдерін іздеу жолдары талқынбақ.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі