«Біз» театры «Миллион раушан гүл» ұсынды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да да әр маусым сайын көпшілікке ой салар, өзінің мәнді де мағыналы спектакльдерімен жастардың жүрегіне жол тартқан «Біз» театрының жаңа репертуарын студент жастар үнемі күтіп жүреді. Құрылғанына алты жылдың көлемі болған «Біз» театры осы уақытқа дейін «Адаспаңдар», «Той», «Кешіріңіз, сізді ажал күтіп тұр!» «Бағдаршам» сынды тәрбиелік маңызы зор спектакльдер мен «Ол көктем оралмайды» атты мелодрамалық қойылымын қойып, өз көрерменін жинап үлгерді. Кәсіби мамандардан емес, студенттерден құралған театр – жастардың ақылшысы, жақсылыққа жол бастаушы.
«Біз» театрының биылғы жылғы «Миллион раушан гүл» трагедиялық қойылымы да үлкен дайындық нәтижесін көрсетті. Бұл қойылымның сценарийін театр студенттерінің өздері жазды. Қойылым режиссері Ғалымжан Сайлаубековтің айтуынша, «Бүгінгі жастардың шынайы сезімді ардақтап, бір-бірін құрметтеуі, махаббатты бағалауы – жалпы қойылымның мақсаты». Демек, театр ұжымы өз мақсаттарына жеткендей. Театрдың талантты жастары тек қазақ өмірін, тұрмысын ғана көрсетіп қоймай, бұл жолы XIV-XV ғасырлардағы Еуропа еліндегі тұрмыс-тіршілікті болмысымен көрсете білді. Шынайы өнердің шыңына шыққан суретшінің актриса қызға ғашық болуы, оның арманын орындауға талпынған құдіретті күштің айналасында өрбіген сюжеттер кімді де болса толғандырмай қоймады. Актрисаның армандағы гүлін қанымен салып, соның ғана арманы үшін ғұмырын гүлге айналдырған суретші нағыз сезімге адалдықтың үлгісін сомдады. Күлдіріп отырып жылатқан траго-комедиялық әрі мелодрамалық қойылым жиналғандардың баршасына сезім құдіреттілігін ұғындырғандай болды.
Қойылымда филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің студенттері Бектасов Мағжан (Герцог), Смадияров Бекзат (суретші), Ахметқалиева Ләззат (актриса Роза), Әбілхан Ақерке (Луиза), Тұрғанбек Нұртас (Мелорд), Минайхан Салтанат; тарих факультетінен Жолдасов Аян; журналистика факультетінен Ярликасынова Перизат (Мыстан); химия факультетінен Мақанова Гүлшат (жаңа актриса) т.б өз рөлдерін өз деңгейінде сомдай алды.
Қойылым аяқталған соң рөл сомдаушы әртіс студенттерге деген қошемет көрсетіліп, университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаеваға сөз берілді. «Театр – халықтың бет-бейнесі десек, бүгінгі тамаша қойылым да біздің студенттердің рухани кескін-келбетін танытты, жүрек тамырын шымырлатты», – деп өз ризашылығын білдіріп, басты рөлде ойнаған студенттерге алғысхат тапсырды.
Иә, қай мезгілде де, қандай заманда да қоғамды жаңартуда театрдың маңызы зор екендігін «Біз» театры тағы бір рет дәлелдеді. Алдағы уақытта да тек сәтті қойылымдармен қауышамыз деген ойдамыз.