Тұлғамен кездесу

30 наурыз, 2009

Әр мамандықтың өзіне тән алға қарай жетелейтін баспалдағы болады. Журналистер үшін қажетті баспалдақтың бірі – мемлекеттік арнада жұмыс істеу. Ал біздің факультет студенттері үшін белгілі тұлғалармен тілдесудің өзі үлкен арман екені даусыз. Студенттер өмірінде есте қаларлық сондай кездесудің бірі – «Хабар» ұлттық телеарнасының журналисі Айгүл Мукеймен өткен шеберлік сыныбы.
Телеарнада он бес жылдан астам уақыт қызмет еткен ол бүгінде өз ісінің нағыз маманы әрі қазақ телехабары саласының мықты сарапшыларының біріне айналып отыр. Өзінің шыққан биігіне қарамастан Айгүл өте қарапайым, қайырымды, ақжарқын жан екендігін танытты. Кездесуге келгендерді тартымдылығымен баурап алған ол өзінің тәжірибесі жөнінде ой бөлісіп, студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға ыстық ықыласпен жауап беріп отырды. Ол өз өмірін соқпақты жол деп есептемейді, алайда жеңіл деп те ойламайды. Өйткені, әр мамандықтың өз қиындығы бар деп есептейтін Айгүл қазақ журналистикасының қалыптасу кезеңінде көп қиындықтарға тап болғандығын атап өтті. Өзінің карьералық жолын тап сондай қиын сәтте бастағандықтан болар, бүгінде Айгүл ісіне сенімді әрі белсенді. Ол тележаңалықтарды жүргізушілікке дейін тілші, монтаж жасаушы, тіпті режиссерлік жұмыстарды атқарды. Айгүл кезінде біздің университетте оқығысы келгенін, сол үшін де бәрімізге қызыға қарайтындығын жасырмады. Қалай десек те, ҚазҰУ-дың журналистика факультеті қазақстандық БАҚ –қа бұрынғыдай әлі де мықты мамандарды дайындай береді деген нық сенімдеміз.