Фазылхан Байымбетов атындағы аудитория ашылды
Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті физика-техникалық факультетінде физика ғылымдарының доктор, профессор, әлемдік деңгейдегі ғалым Фазылхан Байымбетов атындағы дәрісхананың салтанатты ашылуы болды.
Фазылхан Байымбетов – бүкіл өмір жолын, ғылым жолын университетке арнаған ғалым, плазмалық физика мектебінің, кафедрасының негізін қалаушы. Факультетте «Жастық шақ және студенттік жылдары», «Академик Ф.Байымбетовтың ғылыми мектебі» арнайы тақта жасап, суреттерімен орнатылған.
«Ф.Байымбетов атындағы дәрісханасының ашылуы бұл нағыз ғылымды дәріптеген ғалымның бүгінгі студенттерге қалдырған мұрасын насихаттау, еңбектерін таныта отырып дәріптеу деп білеміз. Білім бұлағын ашып, университетте плазмалық физика мектебін қалыптастырып, әрбір шәкіртті өз баласындай тәрбиелеген ғалым-ұстазға деген құрметпен жасалған дүние», - деді ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов өз сөзінде.
Бұл салтанатты шараға жары Роза Сүлейменқызы Бәйімбет келіні, ҚР ҰҒА академигі Т.Қожамқұлов, ҚР ҰҒА академигі С.Байзақов, физика-технологиялық факультетінің деканы Б. Әлиев, плазма физикасы, спектроскопия және физикадағы компьютерлік әдістер кафедрасының меңгерушісі Ю.Архипов, туған-туыстары, достары мен шәкірттері қатысып, университет басшылығы, факультет, кафедра ұжымына алғысын білдіріп, ыстық ықыластары мен жылы лебіздерін білдірді. Осы орайда «Қазақ университеті» баспасынан кафедра қызметкерлерінің, шәкірттерінің ұйымдастыруымен «Сотворивший себя» атты белгілі ғалым, педагог, ҚР ҰҒА Академигі Фазылхан Байымбетов туралы жарық көрген кітаптың тұсаукесері және арнайы шәкіртақы тағайындалып, студенттерге табыс етілді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі