ҚазҰУ ұжымы ардагерлермен кездесті

8 мамыр, 2012

Ұлы Отан соғысындағы қайсарлық пен даңқ елімізге жеңіс туын әкелді. Бұл ұғымда әрине ардагерлеріміздің, жауынгерлеріміздің биік рухы ерекше. Ардагелерге құрмет көрсету – жеңіс ұғымын қастерлеудің бірігейі.

Бүгінде республикалық деңгейде Жеңіс күні түрліше мерекеленіп, ардагерлер көңіліне қуаныш сезімін ұялату шаралары жүзеге асып, кезек-кезегімен сый-құрмет жүзеге асуда. Мұндай іс-шараның бірі 8 мамырда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтті. «Ұлы Отан үшін қасық қанын аямай, ерлік танытып, бізге Жеңіс сыйлаған ардагерлеріміз ұзақ жасап, ортамызда аман-есен жүре берсін. Сіздердің қайсарлықтарыңыз бен туған жерге деген ыстық махаббатарыңыз жастар бойына патриоттық қалыптастырар өнеге. Заманымыз тыныш болып, соғыстың бетін әрі қылсын», - дейді ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ардагерлерді жеңіс күні мерекесімен құттықтау барысында. Бұл күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ соғыс және еңбек ардагерлері қоғамының тұрақты төрағасы, соғыс ардагері Ғаббас Жұматов, соғыс ардагері Уахит Шәлекенов бастаған оннан астам Ұлы Отан соғысының ардагері, сексенге жуық тыл ардагері, он шақты ауған соғысының ардагері және ҚазҰУ Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сұлтан Сартаев, кеңес төрағасының орынбасары Зұлқайыр Мансұров және кеңестің басқа да мүшелері жайылған дастарханда бас қосып, жеңіс күніне арналған концерттік шараны тамашалады. Концерттік бағдарламада ҚазҰУ өнерпаз студенттерінен құралған әншілер әскери әндер шырқап, ұрыс даласындағы ерлік сәттерінен қойылымдар көрсетті. Жеңіс күні қарсаңындағы шарада Ғаббас Жұматов: «Ұлы Отан соғысында қазақстандықтар, соның ішінде қазақтар ерекше ерлік көрсетті. Қара шаңырақтан аттанға әр жауынгер де ел үмітін ақтап, туған жерін қорғауда қайтпас қайсарлық танытты. Бүгінгі жастар, келешек ұрпақ осы ерліктің, жеңістің салмағын терең түсініп, аманатқа қиянат келтірмеуі тиіс. Студенттер мен жастарға айтарым, біз секілді аға ұрпақтың соғыста көрсеткен жігерін, ерен ерлігін ұмытпаса болғаны. Көңілдерінде сақтап қана қоймай, алдыңғы толқындарға жеткізіп, әр басқан қадамдарын бағалап отырса деймін. Отанды сүю, қызмет етіп, еңбек ету басты орында екенін ұмытпасын жастарым!», - деп ағалы сөзін жеткізді. Басқа да ардагерлеріміз жас буынға сенім артып, ел намысын биік ұстап, оларды елін, жерін сүюге, құрметтеуге шақырды. Жеңіс күні мерекесінде тілектерімен бөлісіп, алаңға шығып би биледі, қосыла ән айтты. Жеңістің тәтті күні осылайша, қарт ардагерлеріміздің кешегі ащы жасын, мұңлы сағынышын басқандай. Ләйім, соғыс болмасын, ардагерлер қатары сирегенмен биік рух пен ерлік еш ұмытылмақ емес.

Жеңіс күнінің ҚазҰУ үшін де орны ерекше. ҚазҰУ-дан барлығы 287 оқытушы мен студент майданға қатысқан. Соғыс жылдары ҚазҰУ мамандарды даярлай отырып, майдан даласын керек қажеттіліктермен, қосымша мамандармен қамтамасыз еткен. Ол бүгінгі ұрпақтың патриоттық сезімдерін дамытуда үлкен өнеге. Қара шаңырақтың ардагерлерімізді ұлықтауды – аға буынға деген студенттердің құрметін арттырып, Отансүйгіштік қасиетін дамыта бермек.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі