Білім мен ғылым дами береді

15 мамыр, 2012

ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Тұрсынұлы 14 мамырда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың активімен кездесті. Министр ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 27 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінен туындайтын білім беру жүйесі ұжымының алдына қойылатын міндеттері туралы баяндады.


«2015-16 жылдарға қарай отандық білім және ғылым кеңістігі жаңа жүйеге көшеді» деген Б. Жұмағұлов бұл ретте мемлекет басшысы әр Жолдауында, басқа да үндеулерінде бұл салаға ерекше назар аударатындығын таразылады. «2020 жылға қарай барлық қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс» деген Елбасы тапсырмасына үн қосқан ол «қазақ тілі – рухымыз, ұлт боламыз десек ана тілін жетік меңгеруіміз керек» дейді. Бұдай кейін Елбасының «Іс жүзінде барлық қазақстандықтар орыс тілін біледі. Бұл - біздің жоғалтуға болмайтын ортақ байлығымыз, ал ол үшін инновациялар, технологиялар мен бизнес әлеміне терезе ашатын ағылшын тілінің маңызы мен рөлі артып келеді» деген бастамасын алға тартты. Алдағы уақытта министрдің айтуынша, қазақ тілін 1-4 сынып оқушылары аптасына 4 сағаттан оқыса, 5 сыныптан бастап 6 сағат қазақ тілі пәні оқытылмақ. Үш тұғырлы тіл, әмбебап педагогикалық қадам, діни сауаттылық, Жастар саясаты жөніндегі комитеттің және ЖОО ұжымдарындағы Ассамблея жұмысының жаңа пішіндерін қарастыруды ұсынып, ғылымды, білімді дамытуға міндеттеді. Бұл ретте «Оқытушы, ұстаз – білім жүйесінің басты фигурасы», - деген Б. Тұрсынұлы «педагогтар оқытушыларды, студенттерді жаттанды білімге емес, оқығанын тоқуға баулуы қажет» деп түйіндеді. Ұстаз, педагог беделіне тереңнен үңіліп, білім және ғылым саласын жаңғыртып, жаңартуға шақырды. Бұл бағытта министр ҚазҰУ ұжымынан үлкен үміт күтетінін айтып, зор сенім артты. Көшбасшы университет ұжымы зор әлеуетке ие деген баға берді. Ал бұл ретте ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Қазақтың қара шаңырағының беделін, үлгілі де сауатты білімін дамыта береміз, бұл істе ұйымшылдық та, білім де жоғары дәрежеде» деп оқытушы-профессорларды отандық білім кеңістігін дамытуға шақырды.