"Алматы ақшамы" республикалық газеті
Жаңа үйренген тілінде баяндама жасады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы, халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Жер-біздің ортақ үйіміз» атты студенттердің халықаралық ғылыми конференциясы болып өтті. Оған Қытай, Түркия, Иран, Ауғанстаннан келген шетелдік тыңдаушылар және еліміздің сегіз жоғары оқу орны мен үш колледж студенттері қатысты. Конференцияның негізгі мақсаты – шет елден келген тыңдаушыларды ғылым жолына баулып, дұрыс бағыт-бағдар беру.
Конференция «Тілге құрмет – елге құрмет», «Тарих тағылымы», «Табиғаттың тылсым сырлары» атты 3 секция бойынша жұмыс істеді. Оның пленарлық мәжілісіндегі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің студенті Мұханбет Ғалияның, халықаралық қатынастар факультетінің студенті Ахмад Яр Ахмад Валидің ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің тыңдаушысы Канбари Мустафаның баяндамаларын көпшіліктің қызу талқысын тудырды.
Халықаралық білім беру департаментінің директоры Ж.Молдағалиева осы тұрғыда: - Осымен 27-рет өткізіліп отырған конференцияның біздің факультет тыңдаушылары үшін маңызы зор. Факультетте тыңдаушылар аз уақыт ішінде жаңа бір тілді үйреніп қана қоймай, сол үйренген тілінде ғылыми баяндама жасайды. Бұл – тіл үйренушінің де, оны оқытқан ұстаздардың да еңбегінің жемісі, - деп атап өтті.
Ж.Ибраимова, С.Нүсүпбаева,
ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің оқытушылары