"Алаш айнасы" республикалық қоғамдық саяси-күнделікті газет
«Өмірдастан» – түлектердің тартуы
Осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын, 1971 жылы, сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген бір топ жас оқуға түскен еді. «Болашақта қаламы жүйрік қаламгер болсам» деген армандары бір арнада тоғысқан 17-18 жасар өрімдей жастар бес жыл бір шаңырақта білім алып, қолдарына дипломдары тиген соң, әрқайсысы әртарапқа үкілеген үміттерінің жетегінде кете барды.
Осылайша, өмір жолы мен шығармашылық жолдары басталған қыз-жігіттердің бүгінде алды 60-ты алқымдады. Сонау 1971-76 жылдары қарашаңырақта оқып жүргенде бір үйдің баласындай болған курстастар күні кеше ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде бас қосып, өздерінің өткен-кеткенін, студенттік шақтарын еске алысты. Сондай-ақ 1976 жылдың түлектері өздерінің өмір жолдары хақында шерткен жүрекжарды сырлары жинақталған «Өмірдастан» атты кітапты көпшілікке таныстырып, кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізді. Студенттік шақтарында Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, Әбілфайыз Ыдырысов, Қабижан Бекқожин, Абдул-Хамит Мархабаев сынды ұстаздардан дәріс алған түлектердің барлығы дерлік кейіннен қазақ руханиятына үлкен үлес қосып жүрген парасатты азаматтарға айналды. Атап айтар болсақ, «Егемен Қазақстан» газетінің бұрынғы басшысы Е.Смайыл, Елбасының тұңғыш баспасөз хатшысы Е.Шаймерден, облыстық газеттердің бас редакторлары: М.Қосымбай, М. Сембай, Ж.Болатов, танымал қаламгерлер: Қ.Жиенбай, С.Сапарбекұлы, Қ.Қараман, С.Байхонов, А.Асылбекова, А.Үмбеттегі, А.Мұхаметжанова, А.Шымырбайұлы, Б.Әзімбайұлы, С.Мәмет, белгілі ақын Б.Қошым-Ноғай секілді тұлғалар – дәл осы 1976 жылғы түлектер.
Әбілфайыз Ыдырысов, профессор:
– Күні кеше осы оқу орнына өрімдей болып келген жастар бүгінде парасатты ел ағаларына, қарымды қаламгерлерге, белгілі журналистерге айналды. Олар өздерінің студенттік жылдарын өте белсенді, қызықты өткізді. Оқуды бітіре салып еңбекке кіріскен жастар халқына қызмет етіп, өнегелі де өміршең істерімен көзге түсті. Мен шамам келгенше шәкірттерімнің мақалаларын, кітаптарын оқып отырамын. Әрқайсысының жеткен биіктері үшін қуаныштымын. Бүгінде елуден асып, немерелі болып жатқан шәкірттерім журналистіктен асып, шын мәніндегі қаламгер атанды. «Елу – ердің жасы» демекші, қазір – осылардың нағыз жұмыс жасайтын, атағын-даңқын асқақтататын уақыт. Шәкірттерім әлі талай белестерді бағындырады деп ойлаймын.
Осыдан 36 жыл бұрын түлектерін үлкен өмірге шығарып салған белгілі ұстаз, профессор, куратор Абдул-Хамит Мархабаев журналистика факультетінің аудиториясына жиналған кешегі студенттерін тізім бойынша қайта түгендеп, әрқайсысының студенттік шақтағы қызықтарын еске түсіріп, бір марқайып қалды. Ол өз сөзінде: «Менің шәкірттерім өздерінің қаламақыларына қуанса, мен олардың аты-жөндерін газет-журналдардан көріп қуанамын», – деп әзілдеп те қойды.
Ғалия Қайдауылқызы, журналист:
– Бір қаріп үйреткенге қырық жыл қызмет ет» демекші, біз ұстаздарымызға қызмет ете алмасақ та, олардың қаламгерлігін, кемеңгерлігін өзімізге үлгі тұтып, адал еңбегімізбен ұстаздарымыздың абыройын асқақтатуға тырысып жүреміз. Бүгінде арамызда жоқ Тауман Амандосов сынды ағамыз, одан кейінгі мына бізді әлі күнге дейін еркелетіп жүретін кураторымыз Абдул-Хамит Мархабаев ағамыз бізді өздерімен тең ұстады. Олар бізді еркелетті, біз ол кісілерге еркелей білдік. Осы тұста студенттік шақтағы бір оқиға есіме түсіп тұрғаны. Бірде емтихан кезінде Абдул-Хамит аға мен билеттегі сұраққа қанша тырысып жауап берсем де, «түк білмейсің, 2» деп «зачеткамды» бетіме лақтырып қуып шыққаны. Мен тас-талқаным шығып дәлізде тұрмын, дір-дір етемін, қалайша «екі» алдым деп сене алмай тұрмын ғой. Сол кезде студенттерге жанашыр Би-апа атанып кеткен марқұм Бибігүл Мәтенова «олай болуы мүмкін емес» деп маған өзінше демеу көрсетіп қояды. Сөйтсем, А.Мархабаев ағам маған «5» қойып жіберіпті ғой. Мен оны кейін көрдім.
ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде қызмет ететін танымал журналист Құдайберген Тұрсын еліміздің әр аймағынан келген өзінің курстастарының басқосуына мұрындық болып, әсерлі кеш ұйымдастырды. Бір-бірін жиі көре алмаса да, баспасөз беттерінен жиі кездестіретін журналистер бастары қосылғанда бір-біріне кітаптарын сыйлап, өздерімен ала келген студенттік шақтағы альбомдарын көріп бір жасап қалды. Кеш барысында «Өмірдастан» кітабына енген біраз естеліктер айтылып, түлектер өмірден өткен ұстаздарын, өздерінің тұстастарын еске алысты. Жиын соңында олар өздерінің студенттік шақтарында тұрған жатақханаларын аралады.
Автор: Айнұр СЕНБАЕВА