Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ақын Олжас Сүлейменов атындағы ғылыми орталық ашылады

19 мамыр, 2012

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов атындағы ғылыми орталық ашылады. Онда Олжас Омарханұлы жас лингвистерге өзі ғылыми жетекшілік етіп, тіл білімін үйретеді. Бұл жобаны академик, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Олжас Сүлейменовтың филологтар мен лингвистерге 19 мамыр күні аталмыш білім ордасында жүргізген «Сөзді сүю» атты шеберлік сыныбы барысында айтты.

Қоғам қайраткері жас зерттеушілер мен линвистрерге, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің оқытушыларына жүргізген шеберлік сыныбында ежелгі түрктер, түрк руникасы және өзге жазулар мен жазбалардың, ұғымдардың шығу төркіні туралы баяндады. Ақын өзінің бұл бағыттағы зерттеулеріне арнап “Мың бір сөз” атты кітап дайындап жатқандығын жеткізді. “Африканың экватор белдеуінен жүздеген мың жыл бұрын еңсе көтерген адамзат – ұлт пен ұлысқа бөліне-бөліне – әуелі солтүстік Африка, сосын Жерорта теңізі, Таяу Шығысты жайлап дүниеге сөз таратты. Заманалар белесінде – отбасы шеңберінен шығып –макрогруппа – үлкен топ деген ұғымға ұласты. Ұлы көш миллиондаған жылға созылып, жаңа сөз – лексика шоғырын, сөз галактикасын туғызды” дейді ақын. Кәсіби мамандығы геология саласына арналғанымен лингвистикамен ұзақ жылдар айналысатын қайраткер студенттерді университет қабырғасында оқытушы-профессорлар негізін қалаған базалық білімді оқуды бітіргеннен кейін де өзіндік ізденіспен толықтырудан, жетілдіріп отырудан, үнемі оқудан жалықпау керек деген ойға жетеледі. Елімізге ғана емес әлемге есімі кеңінен танымал тұлғаның шығармашылық қабілеті, шеберлігі жас ғалымдарды қызықтырды. Олар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып жауап алды. Академик Ғалым Мұтанов атап өткендей, ақынның лингвистикалық бастамасына қызығушылық танытқан ізденушілер енді жаңадан ашылатын орталықта Олжас Сүлейменовпен бірлесе жұмыс істеп, өз білімдерін дамыта алады.

Шеберлік сыныбы барысында қара шаңырақтың түлегі – Олжас Омарханұлына ректор Ғалым Мұтанұлы «Әл-Фараби» алтын медальін тапсырса, лингвистика саласында бөліскен тұжырымдарына жиналған қауым ерекше ілтипат білдірді. Соңында қоғам қайраткері «Өнегелі өмір» сериясымен «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген «Олжас Сүлейменов» атты кітапқа қолтаңбасын қойып, студенттерге тарту етті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі