Қазақстанның білім беру ісіндегі жетекші оқу орны саналатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Түлектер күнін» мамыр айының соңғы сенбісінде тойлайды. Дәстүрге айналған ҚазҰУ түлектерінің күні биыл 26 мамыр күні өтті. Университет жоғары дәрежелі мамандарын және танымал түлектерін мақтан тұтады. Сондықтан да осы күні ҚазҰУ барлық түлектерді жинап, университет қабырғасында мерекені бірге тойлауға шақырды.
Мерекелік іс-шара Әл-Фараби және Ө.А.Жолдасбеков ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюмен басталып, арнайы ашылу салтанын көруге барлық түлектер, қонақтар, оқытушылар мен студенттер Ө.А. Жолдасбеков атындағы жастар сарайына жиналды.Алғашқы құттықтау сөзді ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов алды.
Іс-шараны ұйымдастырушылар-ҚазҰУ түлектер қауымдастығы өз қызметі туралы баяндама жасап, үздік түлектерді марапаттады. Тіпті университеттің алғашқы, одан кейінгі жылдардағы түлектері де марапаттан қалыс қалмады. Олардың ішінде ҚазҰУ мақтаныштары болған елімізге белгілі тұлғаларда болды.
Түлектер атынан сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин сөз барысында:
Бүгін міне, ҚазҰУдай білім кемесінде үлкен қуаныш. Университетті 4000 студент бітіргелі отыр. Демек, төрт мың жанның жүрегіне білім құйған универсиеттің болашаққа жарқын жол салып отырғанын көрсетеді.Кешегі ҚазҰУ-дың түлектері біздер - бүгінде ел басқарып, дүниенің тізгінің ұстап, тәуелсіз қазақстандықтардың өтпелі тағдырына жауапты болып отырмыз. Мына, бүгінгі толқынды көріп, тебіреніп, ерекше толқып отырмын. Олар біз бағындырған биіктен де биік асуларды бағындыра бергей.
Сондай-ақ, бұл салтанатты күнде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы:
Мен осы университеттің 1954-1959 жылдардаы түлегімін. Көз алдымыздан өткен небір ұстаздарды көрдік. Мен М.Әуезовтың екі жарым жыл дәрісін тыңдадым. Тіпті, басқа білгір, білімді ғалымдардың бізге берген дәрістерін әлі күнге ұмыта алмаймын.Білім шырағын құйған ұстаздарымды мақтаныш тұтамын. Ал, биылғы түлектердің де ұстаздарын мақтан тұтар, елін сүйер азаматтар болар деп білеміз. Ұрпақ ақылды болса-ұлт мықты болады. Бүгін ҚазҰУ-дан түлеп ұшқалы отырған түлектерге тілерім тек жарқын болашақ,-деді.
Түлектер кешке қарай ректорат алдындағы алаңда алғаш рет өткен «Түлектер кешіне» қатысты. Қонақтар мен қатысушыларды университеттің көркемөнерпаздар ұжымы мен «Ұлытау» этно-рок тобы мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының құттықтаулар мен ән шашулары жалғастырды.