Ресей-Қазақстан жұмыс тобының есептеуіш және ақпараттық технологиялар бойынша кеңесі

6 сәуір, 2009

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ресей-Қазақстан жұмыс тобының есептеуіш және ақпараттық технологиялар бойынша кеңесі өтті.

Кеңеске ҚР ҰҒА академиктері Б. Жұмағұлов, М. Өтелбаев, РФ РҒА академигі Ю. Шокин, ҚР ҰИА академиктері Н. Темірбеков, Н. Данаев қатысты.

Бұл кеңестің мақсаты ақпараттық технологиялар дамуындағы жетістіктері мен келешегін талқылау, ғылыми байланысты нығайту және ғылыми зерттеулерде ақпараттық технологияларды қолдануды кеңейту еді. Халықаралық кеңесті ҚР Ұлттық инженерлік академиясы, Новосибирск мемлекеттік университеті, РҒА СБ есептеуіш технологиялар институты, Новосибирск мемлекеттік техникалық университетінің қолдауымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Математика және механика ҒЗИ ұйымдастырды.

Кеңес әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мерейтойлық шараларының шеңберінде қазақтың көрнекті математигі, академик Шалтай Смағұловтың 60-жылдығына орай ұйымдастырылған еді. Физика-математика ғылымдарының докторы, Ұлттық инженерлік академияның академигі, ҚР ғылым, техника және білім беру саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ш.С. Смағұловтың ғылыми қызметі өзі көп жыл бойы білім алып, қызмет еткен новосибирлік академқалашықпен тығыз байланысты. Ол қазақстандық және ресейлік ғалымдар арасындағы әріптестіктің нығаюы мен Қазақстанда математика ғылымының күшеюіне атсалысты.

ҚазҰУ ректоры академик Бақытжан Жұмағұлов атап кеткендей, Ш.С. Смағұлов адами болмысы ерекше, ғылыми қызығушылығы кең, алдыңғы көзқарастағы ғалым еді. Қазақстанда білім берудің ақпараттандыруы қарқынды дами бастағанда, ол алғашқылардың бірі болып осы бағытта жұмыс істей бастады.

РҒА Сібір есептеуіш технологиялар институтының директоры, РҒА академигі Юрий Шокин ғылыми қауым алдында баяндамасын оқып, қазақстандық және ресейлік ғалымдардың ортақ жобаларын жүзеге асыру хақында сөз қозғады.

Осындай тұрақты басқосулар Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылыми-техникалық және білім беру әріптестігінің дамуына үлесін қосатынына ғалымдар сенімді.

әл-фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі