"Алматы ақшамы" республикалық газеті

12 маусым, 2012

Басты мақсат – рәміздерге деген құрметті күшейту

«Болашақ бүгіннен басталады» атты ақпараттық-әлеуметтік кампания аясында Ақпараттық-ресурстық орталық Қазақстанның Азаматтық Альянсы және Алматылық пікір-талас орталығы Бостандық аудандық әкімдігі қолдауымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Қазақстан Республикасының рәміздері» атты үлгілі пікір-талас өткізді.

Жиынға Бостандық ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен жастар ұйымдарының өкілдері, Үкіметтік емес ұйым мүшелері мен қоғамдық қызметкерлер, пікірсайыс орталығының қызметкерлері қатысты. Шара ұйымдастырылуының басты мақсаты – жастардың мемлекеттік рәміздерге деген құрметтеін күшейту, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Ал жиынды өткізуге – Кувейт еліндегі ҚР Әнұранының «Борат» фильмінен алынған саундтреккпен ауыстырылуы, Атырау қаласында орын алған Қазақстан жалауымен қоқыс тасу секілді жағдайлар себепші болған.

Пікірсайысқа қаладағы ЖОО студенттерінен құралған 4 топ қатысты. Олар мемлекеттік рәміздердің маңыздылығы мен мән-мағынасы жайлы айтып, оның өз дәрежесінде қорғалуы, құрметтелуі керектігін алға тартты. Бір сағатқа созылған тартысты әңгіме қорытындысы бойынша «Бони және Клайд» - І орынды, «Басқа себептер бойынша» - ІІ орынды, «Ақиқат қайда бір қасымда» - ІІІ орынды иемденсе, «Ақыл-ой көкжиектері» командасы – ІҮ орынды қанағат тұтты. Ал, «Үздік спикер» атағы ҚазҰПУ-дің студенті Ғабит Жұматовқа берілді. Жеңімпаздарға мадақтау қағаздары, медальдар, сыйлы сертификаттар ұсынылды. Қазақстан Азаматтық Альянсы мен Бостандық ауданының Әкім Кубогы І орынды иемденген командаға берілді.

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ