Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика факультетінің атақты түлектерінің жүздесуі
18 наурызда физика факультетінде оқытушы-ғалымдар мен студенттер атақты факультеттің түлектерімен жүздескен болатын. Кездесуге 300-ден астам оқытушылар мен студенттер қатысты. Факультет деканы А.С. Асқарова ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жөнінде баяндама жасап, Жолдаудағы: «Қазіргі әлемдік дағдарыс та өткенші құбылыс. Халқымыз мұндай күйзелістер кезінде «көппен көрген ұлы той» деп, сабыр сақтап, ынтымақ-бірлігін бекіте түскен», - сөзін тілге тиек етті.
Дағдарыстан тұрмысы нашар студенттердің жағдайын ескере отырып, факультет ғалымдары мен оқытушылары антидағдарыстық іс-шараларды өткізді. Анығырақ айтсақ, 12 жетім-студенттерге қосымша шәкіртақы грантын бөлді.
Кездесуде факультеттің танымалы түлектері жиналған қауым алдында көселіп көп сөйледі. Студенттік шақтың қызықты оқиғаларын еске ала отырып, кезінде сапалы білім берген білікті ұстаздарына алғысын білдіріп жатты. Үкіметтің антидағдарыстық бағдарламаларына өзіндік үндеуін қосып, факультет түлектері көмек түрінде тұрмысы нашар студенттерге шәкіртақы гранттарын қолдарына ұстатты. ҚР ҰЯО ядролық физика институтының директоры, профессор А.Ж. Төлеушев 5 студентке, ал «Қайнар» университетінің ректоры, физика факультетінің түлегі, профессор Е.С. Омаров бір студентке шәкіртақыларын тағайындаған болатын.
ҚР ҰЯО Атомдық энергия институты мен Ядролық технологиялардың қаіпсіздік орталығы директордың орынбасары, физика факультетінің түлегі, профессор И.Л. Тәжібаева студенттер одағына жаңа компьютерді сыйға тартты.
Студенттер қонақтарды бейжай қалдырмай, концерттік бағдарламаларын ұсынды. Кездесу барысы би мен әнге ұласты.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі