Спорт шебері Темірхан Досмұхамбетовтың жүлдесіне арналған дзю-до бойынша І Халықаралық турнир

9 сәуір, 2009

ҚазҰУ-да спорт шебері Темірхан Досмұхамбетовтың жүлдесіне арналған дзю-до бойынша І халықаралық турнир өтті.

ҚР Туризм және спорт министрі, КСРО мен ҚазКСР-дің еңбек сіңірген бапкері Темірхан Досмұхамбетовтың ҚазҰУ үшін атқарған қызметі ерен-ғайып. Ол кәсіби жолын 1973 жылдан бастап қарашаңырақтың дене тәрбиесі мен спорт кафедрасында аға оқытушы қызметінен бастаған. КСРО-ның 36 спорт шеберлерін және халықаралық деңгейдегі спортшыларды дайындап шығарды. Олардың арасында әлем, КСРО мен Қазақстан чемпионы атанған А. Шаңғараев, Б. Жамбырбаев, М. Қалиеков, Н. Бейсебаев және т.б. бар.

ҚазҰУ-дың ректоры, академик Бақытжан Жұмағұлов спартакиада қатысушыларын құттықтап, оларды келесі жылы да күтетіндігін айтты.

Турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан 230 спорт шеберлері қатысты. Қонақтардың арасында олимпиада жеңімпазы Асхат Жіткеев пен әлем чемпионы атанған кәсіпқой боксшы Марат Мәзімбаев сынды тұлғалар да болды.

Жарыс әр түрлі салмақтағы әйелдер мен ерлер арасында өтті. Жарыстың салтанатты жабылу рәсімінде жеңімпаздар марапатталды. ҚазҰУ командасының қоржыны Алма Жарманова мен Олеся Куценко ие болған екі сыйлыққа толды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі