Салауаттылық пен саламатталық насихатталған күн

9 шілде, 2012

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қара шаңырақта қалыптасқан биік рух пен ұжымдық мәдениетті оқу жылы аяқталса да, университеттен тыс мекенде де бір сәтке кір келтірместей жоғары ұстайтындығын Ыстық көл жағажайындағы сауықтыру сапары барысында тағы бір аңғартты. Жаздың жайдары күні салауатты өмір салтын насихатталып, спорттық шаралармен қатар көңілді де сергіту сәтіне толы болды. ҚазҰУ ұжымы шекарадан шалғай кетсе де бір-біріне деген құрметті, мәдени-көпшілік бағдарламаны бір кісідей ұйымдасып орындап қайтты.


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тәрбие жұмысы жөніндегі департаменті, «Парасат» қызметкерлер кәсіподағы және «Сұңқар» студенттер кәсіподағының ұйымдастыруымен және университет басшылығының қолдауымен ҚазҰУ-дың «Ыстық көл» спорттық-сауықтыру лагерінде өткен үш күндік демалыс бағдарламасы бір-бірінен ерекшеленіп, демалушыларға көңілді күй сыйлады. Бірінші күннің қуанышын екінші күні жалғастыра кеткен кешкі мерекелік концерттік бағдарлама оқытушыларды, студенттерді сонымен бірге, қызметкерлердің бүлдіршіндерін де көңілдендіре түсті. Концертік бағдарлама балаларға арналған ән-жырмен бастау алып, оқушылардың бикешіне ұласты. Балалар күлкісі ересектердің де жымиысын тудырып, шарықтаған әуен би қимылына еліктірді.

Бұл күні пансионат алдындағы алаңда арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ойын ойнатылды. ҚазҰУ-дың КТК (көңілді тапқырлар клубы) құрама командасы әзілден шашу шашса, «Бақыт» би тобы қазақ биінен бастап әр ұлттың биін биледі. «Фараби сазы» ұлт аспаптар ансамблі қазақ күйлерін күмбірлетсе, өнерпаз студенттеріміз флеш-моб жасап мерекеге ұластырды. Өнер көрсетіп қана қоймай, «ҚазҰУ ректорды» клубының жеңімпаздарын марапаттауды да ұмытпады. Тәрбие жұмысы жөніндегі департаменттің директоры Меңдігүл Ноғайбаева «ҚазҰУ ректорды» клубының кубогы мен алтын медальді Студенттер сенатына табыс етсе, Жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімнің жетекшісі Данияр Сүндетбаев күміс медальді «Сұңқар» студенттер кәсіподағына және қола медальді Студенттер жоғары кеңесіне ұсынды. Құрылғанына бір жыл болған клубтың төрағасы Экономика және бизнес жоғары мектебінің магистранты Асқар Әскеров бұл ортада қайталанбай шараларға куә болғанын тілге тиек етіп, бірлесе жұмыс атқарған барлық факультет белсенділеріне алғыс жеткізді. Рекордттар қатарында Студенттер сенаты даярлаған он бір мертлік бәлішті ерекше атады. ҚазҰУ түлектері мен студенттері, профессорлары мен ғалымдары бұл күні де салауаттылық пен саламатталықты насихаттап тарасты. Естелік суретке түсіп, жағалаудағы жаздың жайдарлы күні ұмытылмас сый тарту етті.

«Қазақ университеті» газетінің редакциясы