«Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» ҚазҰУ ұжымының назарында

17 шілде, 2012

16 шілдеде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласын талқылауға арналған Ғылыми кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті.


Мәжілісте ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты» атты Елбасының мақаласы – ұлттық идеяның көрінісі. Еңбек болса, нәтижеге де жетеміз. Біз университетте адами капиталды дамыта отырып, Бәсекеге қабілетті мамандар дайындаймыз. Жоғары оқу орнында студенттер қандай құндылықтарды игеріп шығады деген мәселеге көңіл аударамыз. Міне мұндай бағыттарға бас мақаладағы тапсырмалар арқылы қол жеткіземіз», - деп атап өтті. Ал, Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева Қазақстан Президентінің бағдарламалық мақаласындағы негізгі ережелері және оларды іске асырудағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымының міндеттері туралы кеңінен баяндады. Шолпан Жаманбалаева: «Президенттің оқыту-тәрбие үдерістерін түбірімен өзгерту қажеттілігін қолдаймыз. Шынында да, сапалы білім беру мен жастардың тәрбиесі қазақстандық қоғамның жаңғыруының маңызды ресурсы болып табылады. Және де білім жүйесі қазақстандықтардың жаңа буынын – шынайы тұрғыдағы белсенді және өз еліне жауапты азаматты дамытуда зор жауапкершілікке ие», - деп атап өтті өз сөзінде. Білім және ғылым саласын дамытуға айқын бағдар алған жоғары оқу орнының профессорлары жалпыға ортақ еңбек қоғамына зор жауапкершілікпен қарап, қойылған міндеттер үдесінен шығуға атсалысатындықтарын жеткізді. Қоғамның әлеуметтік жаңғыртылуы барысындағы кәсіподақ ұйымдарының рөліне Елбасының ерекше назар аударуына кәсіподақ ұйымының басшысы ретінде ерекше пікір білдірген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев: «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподақ ұйымы университет басшылығымен әлеуметтік серіктестікте, қарым-қатынаста жемісті жұмыс атқарып келе жатқандығын атап өткім келеді. Елбасы көтерген әлеуметтік серіктестіктің тиімділігі мен нәтижесіне университет ректоры Ғалым Мұтановтың бастамасымен жүзеге асырылған әлеуметтік серіктестікті үлгі ретінде көрсетуге болады.Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, әлеуметтік заңнамаларды күшейтіп, әлеуметтік серіктестіктің тиімді нәтижелі екенін көре отырып, университетімізде бұл мәселені ары қарай дамыта түсу керек деп ойлаймын. Жұмыс берушінің қызметкер алдындағы міндеттерін айқындайтын Ұжымдық шарт та университетімізде жүзеге асуда. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңғырту үрдістерінің табыстылығын жүзеге асыратын басты қағидалардың бірі ынталандыру екенін атап көрсетеді. Сондықтан адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынталандырудың жүйесін құру Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі. Елбасының адам еңбегін адал бағалау принципі де біздің университетімізде жүзеге асуда. Бұл рейтинг жүйесі. Әркім атқарған еңбегіне орай және көрсеткен нәтижесіне карай марапатталады. Біздің ұстаздарымыз жыл сайын еңбек көрсеткіштерін көтеруге ынталандырылады. Ынталандыру принципі біздің университетімізде жұмыс жасауда біз оны ары қарай дамытамыз»,- дейді.

Мәжілісте сондай-ақ, биология және биотехнология факультеті биофизика және биомедицина кафедрасының меңгерушісі Сұлтан Төлеуханов және университеттің басқа да ғалымдары, оқытушылары қатысып, Ұлт көшбасшысының бағдарламалық мақаласына үн қосты, пікір білдірді. Көрсетілген нақты тапсырмаларға орай жұмыс атқаратындықтарын жеткізіп, мақаланы дамудың басты құжаты деп қабылдады. Талқы нәтижесі бойынша мемлекет Басшысының бағдарламалық баяндамасында көрсетілген негізгі ережелерді жүзеге асыру бойынша жоспар қабылданды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі