ҚазҰУ-дың спортшы-студенттері Лондон Олимпиадасына қатысады

18 шілде, 2012

17 шілде күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшылығы Лондонда өтетін ХХХ жазғы Олимпиадалық ойындарға қатысатын спортшы-студенттермен кездесті. Ректор, академик, КСРО-ның дзюдо күресінен спорт шебері, ҚР спортының еңбек сіңірген қайраткері, шығыс жекпе-жегі ассоциациясының вице-президенті Ғалым Мұтанов әлемдік додаға аттанғалы отырған спортшыларға сәттілік тіледі.

Аталған шараға сонымен қатар, дене тәрбиесі және спорт кафедрасының меңгерушісі, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Анатолий Арещенко, ҚР семсерлесу бойынша Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вилор Дъяококин арнайы келіп, Лондонда еліміздің намысын қорғағалы отырған ҚазҰУ-дың спортшылармен жүздесіп, оларға ақжол тілеп, өздерінің ізгі лебізідерін білдірді.

Лондон Олимпиадасына лицензия жеңіп алған ҚазҰУ-дың спортшы-студенттерінің атынан сөз алған Анастасия Пилипенко (кедергісі бар 100 метрге жүгіру), Никита Филиппов (сырықпен секіру), Юлия Живица (семсерлесу), Эльмир Алимжанов (семсерлесу) ел сенімін ақтауға, ер намысын қорғауға дайын екендіктерін жеткізді. Университетте көрсетіліп отырған спорттық қолдауларға алғыстарын да жасырмады. «Білім ордасындағы салауаттылық қашанда назарда болады. Спортқа деген жағдай әркез өз дәрежесінде орындалып отыруы керек. Университетіміздің спортын дамытып жетілдіруге барлық қолдан келгенді аямаймыз», - деп атап өткен Ғалым Мұтанов спортшыларға сыйлықтар ұсынды.

ҚазҰУ биология және биотехнология факультеті дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі, профессор Анатолий Арещенконың айтуынша, ҚазҰУ-да жылдан-жылға спортшы студенттеріміздің саны едәуір артып келеді. 2008 жылы Пекинде өткен Олимпиада ойындарында өнер көрсетуге университетіміздің 5 спортшы-студенті лицензияға ие болса, 2012 жылы Лондонда өтетін Олимпиада ойындарына ҚазҰУ-дың 11 спортшысы спорттың әр түрінен лицензияларды қанжығасына байлаған. Мәселен, ауыр атлетикадан Светлана Подобедова, жеңіл атлетикадан Айман Қожахметова, Шолпан Қожахметова, Виктор Лептикова, Анастасия Пилипенко, Никита Филиппов, Георгий Шейко, дзюдодан Гүлжан Исанова, судағы полодан Алексей Шмидер, семсерлесуден Юлия Живица, Эльмир Алимжанов Олимпиада лиценцзиясын иеленді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі