"Қазақпарат" ұлттық ақпарат агенттігі
16 Шілде 2012, 19:46
Еңбек болса, нәтижеге де жетеміз - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов
АЛМАТЫ. 16 шілде. ҚазАқпарат - Президенттің оқыту-тәрбие үдерістерін түбірімен өзгерту қажеттілігін қолдаймыз.
Бұл пікірін бүгін Алматыда Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласын талқылауға арналған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде айтылды.
«Елбасының бұл мақаласы - ұлттық идеяның көрінісі. Еңбек болса, нәтижеге де жетеміз. Біз университетте адами капиталды дамыта отырып, бәсекеге қабілетті мамандар дайындаймыз. Жоғары оқу орнында студенттер қандай құндылықтарды игеріп шығады деген мәселеге көңіл аударамыз. Міне, мұндай бағыттарға бас мақаладағы тапсырмалар арқылы қол жеткіземіз», - дейді ректор Ғалым Мұтанов.
Ал әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаеваның айтуынша, сапалы білім беру мен жастардың тәрбиесі қазақстандық қоғамның жаңғыруының маңызды ресурсы болып табылады. Және де білім жүйесі қазақстандықтардың жаңа буынын - шынайы тұрғыдағы белсенді және өз еліне жауапты азаматты дамытуда зор жауапкершілікке ие.
«ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңғырту үрдістерінің табыстылығын жүзеге асыратын басты қағидалардың бірі ынталандыру екенін атап көрсетеді. Сондықтан, адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынталандырудың жүйесін құру Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі. Елбасының адам еңбегін адал бағалау қағидаты да біздің университетімізде жүзеге асуда. Бұл рейтинг жүйесі. Әркім атқарған еңбегіне орай және көрсеткен нәтижесіне карай марапатталады. Біздің ұстаздарымыз жыл сайын еңбек көрсеткіштерін көтеруге ынталандырылады. Ынталандыру принципі біздің университетімізде жұмыс жасауда, біз оны ары қарай дамытамыз»,- дейді ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев.